Басты тақырып

Әйелің темір болса, жетісерсің немесе Адам аңсау

    «Шойын қатын»..! Иә, аты солай. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылған спектакль. Комедия жанрындағы қойылымның тақырыбы әуелде біздің құлаққа да тосын естілген. Бірақ, премьерасы сәтті өтті. Жап-жақсы комедия.

Өмір деген өң мен түстің арасында Өзбекстанның бір ауылына түстік дейік. Шеткерідегі үйдің алдында трактордың артқы үлкен дөңгелегіне байланып бір еркек жатыр. Үнемі мас боп жүретін моторист Қошқар-акаңыз – осы. Кеше қатынына тисіп, тағысын-тағы қиғылық сала берген соң, ауылдағылар дөңгелекке таңып қойса керек. Таңертең көзін ашса, есік алдында байлаулы қалыпты. Ақырарға шама жоқ, әйелін шақырып «шеш» десе, шешпейді арқанды. Кеше сілтеңкіреп жіберген, шамасы. Онсыз да отбасы, ошақ қасында балалардың күтімімен күйіп-піскені өз алдына. Ми қайнаған ыстықта мақта теріп жүрген әйелін жұрт алдында масқаралағанын білсе етті? Осыны айтып, еңіреген әйел топты баласымен кетсін де қалсын. Масқара! Бірақ, бұл көрініс спектакльде өте жеңіл өте шықсын.

Трагедияны күліп отырып, комедиямен жеткізу бар. Дүниеге жоғарыдан қарау деген сөз ғой. Өнер тудырушының (орындаушының емес) барлығының қолынан келе бермейді бұл құбылыс. Шеберлікті талап етеді. Мына спектакль де тап солай. Негізгі тақырып – ауылдағы әйел затының мехнатты тағдыры. Қолы күстеніп қанша қызмет етіп жүрсе де, күйеуінен қолдау емес, қағажу көрген бейбақ қатынның қасіретін күлкімен өрген өзбек елінің авторы Шараф Башбек болса, оны қоюшы режиссер – Айбек Қырықбаев ҚР мәдениет қайраткері. Сонымен жаңа басталған спектакльдің шағын баяны былай.

Қатын кетті. Қошқар-ака байлауда қалды еріксіз. Күн астында кеуіп жатқан оған аяқ астынан кішкене сүйретпесімен досы келе қалсын. Кезінде бұл ауылда қалғанда, қалаға оқу іздеп кеткен өнертапқыш досы. Көрмегелі көп болған. Қошекеңді көре сап, бұғаудан босатсын ол. Қошекең мотор астындағы тығынды «сусынымен» таңдай жібіте салысымен, әңгімесін ағытсын. «Әйел кетті, бәлен-түген… Өнертапқышсың ғой осы. Неге қатындардың шаруасын жеңілдететін робот жасамайсың?» деп қойып қалсын сөз арасында. Оны естіген әлгі досы сүйреп әкелген жәшігінен төрт бүктеулі жатқан келіншекті тұрғызып, тетігін түртсін. Міне, ғажап! Ай десе – аузы, күн десе – көзі әлгі темір тетікті қызың сайрап тұр. Айтсаң, істің тігісін жатқызады. Қошқар-аканың өнертапқыш досы да патриот екен. Ауыл әйелдерінің ауыр тұрмысын уайымдап жүріп, осындай көмекші ойлап тауып, мұны іс-тәжірибеден өткізуге әкелген беті. Не керек, бесаспап. Бір тетігін түртсе, ілтипатпен сызылып қызмет етеді. Енді бірін басса, көңіл көтеріп, ән айтады. Тағы бірінде ызбарын төгіп, қайрат та көрсетеді. Тетігін дұрыс түртіп, бұйырсаң, істің ретін де табады. Қатыны кеткен Қошекеңнің Құдайы берді. Тілегенге табылған. Осымен отасады, ендеше. Әлгі досы аң-таң: «Роботпен бе?». «Иә, нең бар?». Қыран-топан күлкі.

Есі кірерлі-шығарлы Қошқар-акаң бірер күн рахатқа батады. Жұмысқа кетерде шығарып салады. Жұмыстан келеді, күлімдеп күтіп алады. Айтқанды бұлжытпай орындайды һәм кісіге деген ілтипаты керемет. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Неге іштің, қашан қоясың, мені масқараладың» дегендей басы артық сөз жоқ. Қошекеңе майдай жағады. Қылығымен жаққан соң, Қошқарың имам шақырып, ептеп жүріп, некесін де қидырып алсын. Оның темір екенінен бейхабар имам қырындап қояды «қызға». Жаңа табысқан махаббаты күшті Қошқар-акаң некеден соң имам шалдан зорға құтылсын (күлкіден өлесің). Тіпті, бір күні ауылдағылар түгел именіп, аулақ жүретін әлгі көкайыл қатын келіп қойқаңдап еді… Қошқар-акаң «Шойын қатынының» ашу шақыратын тетігін түрте салды. Болды. Жаққа бір салып, ішке екі теуіп, көшеге бір-ақ атты. Шаруа шешілді. Сосын әлгі өзіне мейіріммен қарататын шүріппені түртіп қойып, біраз жүргенімен… Қошекең бір күні күстенген қолымен маңдайын сүртетін әйелін аңсап шыға келсін. Оның бала емізіп отырған сәтінде маңдайының тершігені қандай нұрлы еді… Ал, ай мен күнге бергісіз балалары ше?.. Адам сүйгенге не жетсін?!.

Не керек, дүниеде адамның орнын ештеңе ауыстыра алмайды екен. Ештеңе. Оның ішінде Құдай қосқан қосағыңды. Бір күні Қошқар-акаға өнертапқыш досы жыларман күйі жетіп келсін. «Құрыдық». «Не болды?». «Айрылып қалдық». «Кімнен?». «Әйеліңнен». «Қалай?». «Мақта теріп жүріп, механикасы ыстыққа төзбей, бықсып, өртеніп кетті». Бәлен жыл ойланып ашқан жаңалығы – «Шойын қатын». Еңбегі көкке ұшты өнертапқыш достың. Күнделікті әйелдер істеп жүрген ауыр еңбекке төзбей, бықсып, жанып кетті… Оның үстіне Қошқар-акаға қатын болса…

Қошқар-аканың ақылы сонда кірді… Құдай қосқан қосағының қадіріне сонда ғана жетті. Дүниенің жылуындай әйелдің қадірі… Ауыр мехнат. Солар төзгенге темір-екеш темірдің де төзбей күйіп кетуі. Мұның сыртында табиғатынан ажырап бара жатқан адамзаттың қасіреті жатыр… Соншалықты қасіретті күйінішпен емес, күлкімен жеткізген автордың кемелдігі. Қойылым бойы езуімізді бір жиғызбаған әртістердің шеберлігі мен шығарманы қоя білген режиссердің ерендігі… Бәрі-бәрі тарқатып жазса, кемі бір-бір мақалаға жүк.

Алдағы уақытта театрда «Шойын қатын» қойылса, міндетті түрде барып көрерсіз.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button