Әйелдер орамалы мерекелік көрмеге қойылды
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында әйелдердің халықаралық күні қарсаңында «Әйел орамалының поэзиясы» атты көрме өтті. Мұнда бас киімдер көрмесі, модельдер көрсетілімі және стилистерден шеберлік-сыныптары болды.
Көрмеге мұражай қорындағы жәдігерлер мен жеке заттар қойылған. Оларды қала тұрғындары алып келіпті. Экспозициялардың қатарында ерекше жаулықтар да бар екен. Мәселен, орынборлық қысқы түбіт шәлісі. Сырт көзге көлемі үлкен болып көрінгенімен салмағы қауырсындай жеңіл. Әрі, көрмеге қойылған орамалдардың қатарында кеңес дәуірінің 60-70 жылдары сәнге шыққан бөкебайлар да бар.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жастардың мәдениетке, дәстүрлерге, Қазақстан халықтарының ұлттық киім тарихына деген құрметін қалыптастырады деп сенеді.
Сонымен қатар көрермендер «Барлық жаңа – ол жақсы ұмытылған ескі» тақырыбында модельдердің көрсетілімін тамашалады. Қарағанды сән және технология колледждерінің студенттері қазақ ұлтының киімдері мен бас киімдерін таныстырса, сервис колледжінің студенттері шәлі мен жаулықтарды қалай әдемі байлауға болатынын көрсетті.
Көрме 8 наурызға дейін жалғасады.