Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жылТұсаукесер

«Jaŋa tolqyn» қанат қақты

Облыс аумағында «Jaŋa tolqyn» атты медиа-жоба бастау алды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтетін бұл жобаның ұйымдастырушылары облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі.

«Jaŋa tolqyn» медиа-жобасының басты мақсаты – дарынды жастарды көпшілікке таныту. Олардың ілкімді істерін дәріптеу. Жобаны таныстыруға арналған брифингте «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет:

– «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі әлеуметтік желі мен интернетте жұмысты күшейту мақсатында бірнеше жобаны қолға алды. Соның бірі осы «Jaŋa tolqyn» медиа-жобасы. Басты мақсат – өз талпынысымен жаңа білім меңгерген, тың салаларға түрен салып, табыс тауып жүрген талантты жастарды іздеп, көпшілікке таныстыру, – деді.

Айта кету керек, «Jaŋa tolqyn» бүгінгі жастардың алуан қырлы игі қасиеттерін таныстыратын тың бастама.

– Білім мен жігер, ізденіс пен табындылықтың арқасында биік белестерді бағындыра білген жандар туралы қалың бұқара білуге тиіс. Жаңа толқын – тәуелсіздіктің төл перзенттері, аға буынның мақтанышы, жастар үлгі тұтарлық тұлғалар. Жобаға өзінің жеке өсу және даму тарихы бар, жастарға үлгі бола алатын 14-28 жас аралығындағы жас азаматтар қатыса алады, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Біржан Әлімжанов.

Елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар өтуде. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, әр ай белгіленген жеке тақырыппен айдарланады. Жаңа жоба бастау алған сәуір айы – «Ғылым және технологиялар» атауымен өтеді. Осыған байланысты, брифингте, жобаның алғашқы кейіпкері ретінде ақпараттық технологиялар саласының маманы туралы бейнебаян көрсетілді. Ол кейіпкер IT маманы – Мейірлен Жұманов. Қарапайым такси жүргізушісі болып жүріп, өз ізденісімен IT саласын меңгеріп алған. Мобильді қосымшалар жасауды үйренген. Сөйтіп, бизнес процестерін автоматтандыратын жобалар жасаған Мейірлен, әртүрлі компанияларға қызметін ұсынып, табыс таба бас­таған. Кейінгі жылдары АҚШ-тың Endpass компаниясында android құрастырушы болып еңбек етіпті. Қазір Мейірлен өз командасымен жаңа жобаны әзірлеу үстінде. Ол – мекемелердің кіреберісінде санитарлық талаптарды қадағалайтын құрылғы. Бетпердесіз адамдарды көргенде ескерту жасайды, автоматты түрде бетперде береді, дене қызуын өлшейді және антисептик бүркеді. «Кез келген батыл шешім үлкен жетістікке бастайды. Шешім қабылдай біліңіздер!», – дейді Мейірлен Жұманов.

Сонымен қатар, түрлі салада жетістікке жеткен, тәуелсіздік құрдастары брифингке ZOOM платформасы арқылы қатысты. Бас­тамаға қызығушылық білдірген облыстық мәслихаттың депутаты Айман Бекболатқызы «Jaŋa tolqyn» жобасын мектеп оқушылары арасында кеңінен таныстырып, насихаттауды ұсынды.

«Jaŋa tolqyn» жобасы сегіз айды қамтиды. Жыл аяғында әр айдың жеңімпаздары анықталмақ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button