Бас тақырып

Ізгі амалдар бастауы

Халқымыз «Әр елдің салты басқа» десе де, Өзбекстанның бір қиырындағы Қызылқұмда қалған қазақтар тілі мен дінінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан ажырап қалған емес. Кешегі қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де айрандай ұйып, бір-біріне деген туыстық, құда-жекжаттық қарым-қатынастары мен жалпы адамгершілік, азаматтық қадір-қасиетін жоғалтпады. Бұл сөзімнің айғағы ретінде жыл сайын кең көлемде тойланатын Наурыз мейрамы туралы айтқым келеді. Бала кезімізден құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп өскен бұл айдағы ізгі амалдар тазалықтан басталатын-ды. Наурыз айы туғанда үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазалау әрбір отбасының ешкім айтпай-ақ атқаратын шаруасы. Сосын 18-19 наурыздан «иіс шығару» басталады, аналар қамыр ашытып, жеті шелпек (жеті нан дейміз) пен бауырсақ пісіреді.

Сурет: tengrinews.kz сайтынан

– Айналайын, мына жеті нанды суып қалмай тұрғанда таратып келе ғой, – дейді анамыз «жұмсамаққа бала жақсы» деген қағиданы ұстанып.

Содан тайпақтау табаққа салып бергенін алып, көршілерге қарай құстай ұшамыз.

– Қабыл болсын!

– Әумин!

Бұл қалыптасқан дағды. Жеті үйде де осы сөз қайталанады. Содан соң кешкі шай үстінде көрші-қолаң бір-біріне кіріп, Наурыз көжені қай үйдің қашан дайындайтынын өзара келіседі. Содан 22 наурызға дейін таңмен тұрып, қазақы шапан-қамзолдарын киіп, кешке дейін бірінен соң біріне Наурыз көжеге бару басталады. Әр үйдің қазаны қайнап, дастарханы жайнап тұрады. Бала да, шаға да мәз-мейрам. «Наурыз құтты болсын!», «Ақ мол болсын!» деп тілектерін жаудырады. Ешкім қабақ шытпайды, керісінше, біреу-жарымы шаруалары шығып келмей қалса, «Әй, пәленкесі қайда? Ол неге көрінбейді? Сыбағасын құйып берейін» деп елпең қағады. Асын ішіп, аяғын босатып болған соң бата беріліп, Құран оқылады.

Наурыз мейрамы Өзбекстанда 21-інде тойланады, сол күні мерекелік құттықтау, концерттік бағдарлама, спорттық жарыс­тар, лоторея ойындары секілді түрлі қызықтарға кезек келеді. Мен өскен шағын ауыл, совхоз орталығында көшелер арасында өзара жарыс болады. Әрбір көше тұрғындары батырлар жырынан немесе «Қыз Жібек», «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» сияқты басқа да эпостық жырлардан үзінді сахналық қойылымдар қояды. Әрине, ол үшін біраз уақыт бұрын дайындалады. Лоторея ойындарына совхоз басшылары уақ мал, кілем, жемшөп секілді ұтыстарды тігеді.

Міне, қарапайым Тамды аталған қазақы ауылда Наурыз мейрамы осылай тойланатын. Наурыз мейрамында Өзбекстанның махалла комитеттері өзара сайысқа түседі. Әр ықшам ауданда киіз үйлер тігіліп, қазан-қазан палау пісіріледі, концерттік бағдарлама, спорттық жарыс­тар болады. Ал, аудан әкімі құрылған комиссия­мен бірге оларды аралап, көріп, соңынан жүлделі орындар мен сыйлықтар береді. Сосын орталық саябақтағы қызықты ойын-сауықтар басталады. Осылайша, Наурыз жалпыхалықтық сипат алады. Бұл күндері ауа райының қолайлылығы да маңызды рөл атқарады, күн жып-жылы, адамдар құшақ қауыштырып, амандасып, мәре-сәре болады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда бөркімізді аспанға атып қуандық, тарихи Отанымызға ұлы көш басталды. Мен 2002 жылы ақпан айында тұғырлы мекен Теміртауға табан тіредім. Көп ұзамай Наурыз мейрамы басталды. Шынымды айтайын, алғашында алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылғаны рас, өйткені екі-үш киіз үй тігілген, олардың есігі тарс жабық, оны тіккен әр мекеме үйдің ішіне биік үстел қойып, дастархан жайып, тек өз басшыларын құдайындай күтіп әлек. Тілек айтып, «ащы судан» алып қойғандарды да көрдік. Қарапайым халық ол үйлерге кірмек, қазақы ою-өрнегін көрмек тұрмақ, есігінен сығалай да алмайды. Тіпті жабық есіктің алдына еңгезердей жігіттерді қойғанына куәміз. Бұл туралы кезінде қалалық «Теміртау» газетіне жаздық та. Әрине, орталыққа жиналған жұрт концерт көріп ғана қайтатын. Құдайлығын айтайын, сол кездері жыл сайын кәсіпкер Асқар Сәрсекенов деген азамат қана ардагер металлургтер мен балалар үйінің тәрбиеленушілерін өзі тіккен киіз үйге шақырып, қайырымдылық асын беретін. Содан бері жиырма жылдан аса уақыт өтті, көп нәрсе өзгерді. Өйткені, қала біраз қазақыланды, әніміз де, сәніміз де ұлттық рухымыз да асқақтады.

Руза АЛДАШЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button