Руханият

«Ислам және дәстүр құндылығы»

Ислам діні – ұлты­мыз­дың басты рухани негізі, ата-баба­ларымыздың ұстанған, қас­тер тұтқан жолы. Әлмисақтан мұсылман болған халқымыз әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасыр­дан ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дарқан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген.

Сурет ашық дереккөзінен

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады.

«Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу, оның ғылыми-теория­лық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер. Осындай мәселелер мен бастамаларды ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасыр­дан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін» деді ҚМДБ төрағасы өз сөзінде.

Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейді. Осындай бағыттар мен жобалар арқылы дәстүрімізді дінмен сабақтастырып, асыл құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.

Алла қаласа, жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен көптен күткен «Ислам энциклопедия­сының» бірінші, екінші, үшінші томы оқырманға жол тартады. Бұл – діни саладағы үлкен жаңалықтың, тарихи оқиғаның, іргелі еңбектің бірі.

Сонымен қатар, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің бастамасымен «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы, «Дін мен дәстүр» үшінші кітабы да жарық көреді. Аталған еңбектер дін мен дәстүрімізді дәріптеу, мұсылмандық мектебімізді насихаттау жолындағы іргелі істің бірі десек болады.

Өздеріңізге мәлім, өткен жылы ҚМДБ-ның бастамасымен Алматыда ұлттық салт-дәстүр мен қазақы құндылықтарды насихаттайтын «Дәстүр Fest» жобасы жүзеге асты. Бұл өз кезегінде қоғамның назарын аударумен қатар үлкен қолдауға да ие болды. Сонымен қатар, жарапазан жырын айту эстафетасы да халқымыздың көңілінен шықты.

Бағдарлы «Ислам және дәстүр құндылығы» бағыты аясында биыл дәстүрімізде қалыптасқан аталар, әжелер мектебін жандандырып, отбасындағы, қоғамдағы әке рөлін барынша насихаттау жұмыстары одан әрі жалғасын таппақ.

Ендеше, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің жаңа бағдары – «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы тың бастамаларға жол бастайды деген сенімдеміз.

Естай ӘБДІҒАЛИ,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, облыстық Әнет баба мешітінің бас имамы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button