Іске сәт!
Mecenat.kz компаниясы – қазақ ұлттық буржуазиясының көшбасы болғалы тұр!
Mecenat.kz компаниясы ұйымдастырған роман байқауына аса қуанбай, күдікпен, тіпті, шошына қарап едік, шимай-шатпақ жасайтын дарынсыз бір халтурщикке беріп жібере ме деп…
Бүгін сол бәйгеде Тұрысбек Сәукетайдың жүлделі болуы – қазақ руханиятындағы оқшау һәм ғажайып оқиға болды!
Бұған дейін бізде қолдан жасалған, шикі, мемлекеттік буржу- азия ғана бар еді! Бір кездегі Мемлекет басшысының «қайсыңды болса да түрмеге тыға алам» дейтін, өзі жасап шығарған «буржуазиясы» – бұл! Елдің ырысын ұрлап-жырлаған ат төбеліндей топ, Қазақ халқының ашу-ызасын туғызатын ашқарақ сословие! «Ештен де кеш жақсы» деген, енді міне, қазаққа жаны ашитын, оның мәдениеті мен әдебиетін жетік білетін Ұлттық Буржуазияның да қарасы көзге шалына бастады! Құдайға шүкір!
Бұл компания осымен тоқтап қалмай, әдебиет пен өнердің барлық саласына назарын аударса, нұр үстіне нұр болғалы тұр; біз қуып жете алмай келе жатқан 30 елде жоқ ұлы поэзия, ұлттық поэзия – осы елде! Ол Гомерден бастап, Андрей Вознесенскийдердің шедевр туындыларын өз тіліне тәржімелеп алған, олар біздің Жыраулар поэзиясы түгілі, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалиларды да өз тілінде оқи алған жоқ, оған олардың поэтикалық потенциалы жетпей жатыр!
Ендігі назарды Қазақтың Қара өлеңіне салса, қандай ғажап болар еді?! Екі жылда бір рет 7-8 қаламгерге бөліп беретін Мемлекеттік сыйлығымыздың нобайы белгілі… Өркениетті елдерде жазушыларға мемлекет емес, ешкімге жалпақтап, жалпақ шешей болмайтын қоғамдық ұйымдар, Mecenat.kz сынды алпауыт қаржылы компаниялар береді!
P.S. Mecenat.kz компаниясының жігіттеріне алғашқы қадамдарың құтты, шаңырақтарың мықты болсын дейміз! Іске сәт, қазақ байлары! Бай, қуатты болыңдар!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты