Басты тақырып

«ИСИМ» – әлемге төнген қатердің жаңа бейнесі

ХХ ғасырда адамзат болашағына қатер туғызған фактордың бірі қырып-жою қаруы болса, ХХI ғасырдағы адамзат болашағының қаупі ретінде экстремизм мен терроризмді айтуға болады. Бұған дәлел бүгінде әлемдік қауымдастықта, оның ішінде соңғы уақытта Қазақстанның аумағында, жүріп жатқан саяси үдерістерді айтуға болады. Осы тұрғысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе, халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп», – деген болатын. Және де Президентіміз 2012 жылғы 14 желтоқсанда ««Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың қауіптерінің қатарына – халықаралық терроризм, экстремизм қаупін жатқызуы да мәселенің өршігендігінің дәлелі.

Әлемдік қауымдастықта бұрын соңды болмаған террористік ұйым­дардың мемлекеттік деңгейге дейін көтерілуі, әсіресе Ирак, Сирия аймақ­тарында бүгінгі өркениеттерге қауіп төндіруде. Сондай кереғар күрделі құрылымды экстремистік және тер­рористік ұйымдардың бірі – «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым).

«Ислам мемлекеті» (ҚР тыйым салынған ұйым) (қысқ. «ИМ»; ертерек «Ирак және Сирия ислам мемлекеті», «ИСИМ» немесе «Ирак және Леванта ислам мемлекеті», «ИЛИМ») – Ирак және Сирияда әрекет ететін джихадистік бағыттағы террористік ұйым. Ұйымның құрылуына «Әл-Каида» ұйымының тікелей қатысы бар. «Әл-Каида» ұйымы халықаралық террорист Әбу Мусаба әз-Зарқауй арқылы «Моджахедтер Шура кеңесін» ұйымдастырған болатын. Кейіннен бұл топқа «Джайш ат-Таифа әл-Мансура» («Жеңімпаз қауым армиясы»), «Джайш Аһли-с-Сунна уәл-Джамаа» («Сүннет пен жамағатты ұстанушылар армиясы»), «Джайш әл-Фатиһин» («Жаулап алушылар армиясы») және «Джунд ас-Сахаба» («Сахабалар әскері») сынды шашыраңқы террористік топтар қосылып, 2006 жылдың 15 қазанында «Ирак ислам мемлекетінің» құрылғандығы жайлы мәлім етті. Ұйым ұлғайған сайын құрамына «Ансар ат-Таухид», «әл-Ғураба», «Исламдық джихад», «Асаиб әл-Ахуәл», «Джамаа әл-Мурабитин», «Ансар ат-Таухид уә-с-Сунна», «Фурсан ат-Таухид», «Джунд Милләт әл-Ибраһим» секілді ұсақ топтарды көптеп қоса бастады Ислам мемлекетінің ұлғайуына мұрындық болған алғашқы көшбасшыларының бірі Абу Омар әл-Бағдади болды.

2013 жылдың 9 сәуірінде Башар Асад режиміне қарсы антиүкіметтік күштер қатарында Сириядағы азаматтық соғысқа араласқаннан кейін бұл ұйым «Ирак және Сирия ислам мемлекеті (ҚР тыйым салынған ұйым)» (басқа нұсқаға сүйенсек «… және Леванта» – қазіргі таңдағы Сирия, Ливан, Палестина, Иордания, Израиль мен Мысырдың кейбір аймақтарын қамтитын территорияның атауы) деп атала бастады. Осының салдарынан туындаған аймақтағы билік пен ықпалды бөлісу барысында «ИСИМ» мен «Әл-Каида» арасында бақталастық орын алып, екеуі екі жаққа кетті. Нәтижесінде, «Әл-Каиданың» «заңды өкілі» болып «Фронт ан-Нусра» террористік ұйымы жарияланды.

2014 жылы «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) Ирактың солтүстік және батыс аймақтарына жаулаушылық соғыстарын бейбіт тұрғындарды аяусыз өлтіру арқылы жүргізуімен әлемге танымал болды. Радикалдар бір айдың ішінде бірнеше үлкенді-кішілі қалаларды толықтай басып алды: 2014 жылдың 10 маусымында Мосулды (үлкендігі жағынан Ирактың екінші қаласы) басып алса, келесі күні – Тикритті, ал араға бірнеше күн салып Бағдадтың іргесіне таянды. Маусым айының аяғында террористер Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласынан Ирактың шығысындағы Дияла провинциясына дейінгі жерлерді қамтитын өзіндік квазимемлекеттің құрылғандығы жайлы мәлімдеме жасады. Осы жылдың 3 тамызында террористтер аймақтағы екі үлкен мұнай қорын бақылауға алды. Абу Бакр әл-Бағдади террористтердің көшбасшысы квазимемлекеттің «Халифі» болып жарияланды. Мемлекеттігін әлемнің бірде-бір мемлекеті мойындамаса да, «Ирак және Леванта ислам мемлекеті» өзінің географиялық атауын алып тастады.

«ИСИМ» террористік «мемлекеті­нің» адамзатқа қандай қауіп туғызуда деген сұраққа жауап берместен бұрын, алдымен олардың осындай жетістікке жетуінің себебін қарастырып көрейік. Түрік ғалымы доктор Озан Ормеджидің сөзіне сүйенсек «ИСИМ» террористтерінің жетістіктері 4 факторға байланысты. Бірінші фактор: 2010 жылы америка әскерінің жүргізген операциясы кезінде ұйымның көсемі Абу Омар әл-Бағдади және оның көмекшісі Абу Хамза Әл-Мухаджира қаза тапқан болатын[1]. Осы оқиғадан кейн көшбасшылық тізгіні харизматикалық тұлға Әбу Бакр Әл-Бағдадидің қолына көшті. Жаңа көшбасшының халықаралық ахуалды тиімді пайдалана білуінің арқасында ұйым мүшелерінің саны мен күші едәуір өсті. Екінші фактор ретінде 2011 жылғы Ирактан америка әскерінің шығарылуын айтуымызға болады. Осының нәтижесінде ұйым өзінің әрекет ету ауқымын әскерилер тастап кеткен жерлерге шейін үлкейтіп, халықты айуандығымен қорқыта отырып, Сирия мен Ирактағы сүнниттер арасында өзіндік күшке ие ұйым ретінде танылды. Үшінші фактор, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, АҚШ секілді елдер Башар Асад режимін құлату мақсатында «ИСИМ-ге» қаржылай және әскери көмек көрсетуі де өз септігін тигізді. Төртінші фактор, Ирак Премьер-Министрі Нури әл-Маликидің елдегі сүнниттік топтарға тым көп еркіндік беріп, қадағалауды әлсіретуі де әсер етті. Осы аталған факторларға Ирак пен Сирия аумағындағы мұнай қорларын өздеріне қаратып, тиімді қаржы көзіне айналдыруын қосыңыз. Кейбір деректерге сүйенетін болсақ «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) Ирак пен Сириядағы мұнайды нарықта жеңілдікпен әр «баррелін 25 пен 60 АҚШ доллары аралығында сатуда және ол күніне шамамен 3 миллион АҚШ долларын құрайтындай пайда әкелуде»[2].

Сонымен қатар, ұйымның басты қаржы көздерінің бірі – қылмыс­тық әрекеттер. Ирактың үлкен қала­ларын­дағы банктерді тонағаннан кейін ИМ-нің қаржы әлеуеті едәуір өсті. Мамандар ұйымның бюджеті 7 млрд долларды құрауы мүмкін деген жорамал жасауда. Жаулап алған Мосул қаласының банктерінен шамамен 500 млн. долларға жуық ақша тоналған[3]. Одан басқа, Башар Асад режиміне қарсы соғысты қолдауға Кувейт, Сауд Арабиясы және т.б. елдердегі жеке меншік инвесторлар «ИСИМ» террористеріне қаржылай көмек жасауда. Мәселен, «Иран парламентінің мүшесі Мохаммад Салех Джокардың айтуынша «ИСИМ» Ирактағы террористік әрекеттерді жүргізу үшін Сауд Араб елінен 4 млрд. доллар көлемінде қаржылай көмек алған»[4].

«ИСИМ»-нің (ҚР тыйым салынған ұйым) мақсаты тек жауланған жерлермен ғана шектелмейді, терри­тория­сын одан сайын ұлғайтып, ықпалын артырып, әскери және қаржылық қуатын күшейте түсу. Түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарында келтірілген ақпарат­тарда «ИСИМ-нің» (ҚР тыйым салынған ұйым) Сауд Арабиясындағы Арар қаласын басып алуды көздеп отырғандығы айтылады. «ИСИМ-нің» белді мүшелерінің бірі Әбу Тураб Әл-Муқаддаси өзінің «twitter» парақшасында Меккедегі «Қағбаны» құлататынын айтып былай деді: «Алланың қалауымен, шейхымыз әл-Бағдадидің бастамасымен Қағба­дағы қара тасты тәуап етушілерді (қажыларды) өлтіреміз, Қағбаны да жоқ қыламыз. Адамдар Аллаға емес тастарға мінажат етуге Меккеге барып жатыр. Алланың атымен ант етейін, егер біз Сауд Арабиясын жаулап алсақ, онда Алладан басқаға құлшылық еттіргені үшін Қағбаны құлатамыз»[5].

«ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) тек мұсылмандарға ғана қауіп төндіріп отырған жоқ. Себебі «ИСИМ-нің» содырлары әлемнің түпкір-түпкірінен келген әлем елдерінің азаматтары. «Терроризмде ұлт жоқ» демекші, «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) содырлары бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Бұған Еуропа, Түркия және Қазақстан аумағында «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) содырларының жетекшілігімен жасалған лаңкестік оқиғалар дәлел бола алады. Халықаралық лаңкестіктен туындап отырған «қара бұлт» барлық адамзаттың басына төніп тұрғандығы айқын.

Осы ұйымның Қазақстан Респуб­ликасына тигізетін әсеріне келетін болсақ, отанымызға да қауіп төніп тұр. Қазақстаннан Шам еліне соғысуға кеткен азаматтардың саны белгісіз. Тарих ғылымдарының докторы, геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Избаировтың сөзіне сенсек «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) тарапында соғысуға кеткен еліміздің азаматтары негізінен такфиризм идеологиясы кеңінен таратылған Батыс және Орталық Қазақстаннан болатын. «Егер батыста такфиризм идеологиясы шейх Халил деген біреудің уағыздары арқылы ашық түрде дамыса, онда Орталық Қазақстанда такфиризм жабық түрде, такфирист жамағаты өзінің ұстаздарының идеологиясын толық түсінбей, біртіндеп қалыпты мұсылман көзқарасынан саяси қарсыластардың өмір сүруге құқығының жоққа шығаруына дейінгі көзқарасты сіңіруге апарды. Сондықтан, Сирия мен Иракқа кеткен қазақстандықтар арасында басым көпшілігі Жезқазған мен Орал қалаларынан болды». Қазақстанның көптеген қалаларында «ИСИМ» жетекшілеріне ант беріп, қарақшылық шабуылдар жасауға оқталған бірнеше азаматтар ұсталды.

Басқа террористік құрылымдарға қарағанда «ИСИМ» жаңа ақпараттық технологиялық жетістіктерді, Фейсбук және басқа әлеуметтік желілерді белсенді қолдануымен, насихаттау өнімдерін соңғы программалық при­ло­женияларға бейімдей алуымен ерекшеленеді. Тіпті, орыс тілді аудиторияға арналған «fisyria.info» атты «ИСИМ»-нің ресми сайты бар. Сонымен қатар «ИСИМ» «Dabiq» атты журнал да шығарған. Аталмыш журнал ағылшын және еуропалық тілдерде шығарылды.

Біздің пікірімізше оларға қарсы тұрудағы басты жолдардың бірі «ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) иде­ологиясын насихаттайтын өнім­дерді шектеу және оларға тиімді тосқауыл қою. Насихаттау арналары шектелетін болса, ұйымға күш беріп отырған адам ресурстарына тосқауыл қойылады.

Соңғы жаңалықтарға қарасақ «ИСИМ» содырларын АҚШ басшылы­ғымен құрылған коалиция және Ресей әуе күштері әуеден соққы жасалуда. Әуеден бомбылауды және Сириядағы ресми күштерге қолдау көрсету әрекеттерін тоқтатпай, керісінше бұл жұмысты ширата жүргізген нәтижелі болатындығы сөзсіз. «ИСИМ-ді» (ҚР тыйым салынған ұйым) әлем мемлекеттері жан-жақтан қыспаққа алып, бас көтертпеудің амалын қарастыру маңызды. Одан кейінгі қадам ретінде «ИСИМ-нің» (ҚР тыйым салынған ұйым) қаржылану көздеріне тосқауыл қою. Бүгінгі таңда «ИСИМ-ге» қарсылық танытып жатқан елді-мекендерге әскери-техникалық қолдау көрсету де пайдасын тигізері анық. «ИСИМ-ге» қарсы тұруда әлемнің білді мемлекеттері өзара туындаған келеңсіздіктерді ұмытып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып жұмыс жасағандары абзал. Бірлесіп күресу ғана адамзат үшін жеңіс сыйламақ.

Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мем­лекеттердің өзара етене әрекет жасауын талап етеді. Қазақстан өз тарпынан бірқатар халықаралық, мемлекетаралық шарттарға және келісімдерге қол қойды. Бүгінгі таңда Қазақстан терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 7 халықаралық конвенцияға қосылды. Атап айтқанда: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы Шартты (Минск, 1999 жылғы 4 маусым), Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай Конвенциясын (Шанхай, 2001 жылғы 15 маусым), Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны (Нью-Йорк, 2000 жылғы 10 қаңтар), Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны (Нью-Йорк, 1998 жылғы 12 қаңтар) және басқалары.

«ИСИМ» (ҚР тыйым салынған ұйым) деген алып аждаһаға қарсы күресте бірігіп әрекет жасау қажет. Ирак, Сирия секілді елдердің быт-шытын шығарып, адамдарын малша сойып, әйелдерін күң, балаларын сатып жатқан «ИСИМ» деген ұйымның «үш қайнаса, асыл дініміз исламға, сорпасы қосылмайтыны» түсінікті. Осы орайда, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасында өз тарапынан «ИСИМ» идеологиясына қарсы тұруда үгіт-насихаттық жұмыстарды ширатқаныда жемісті болар еді. Жастарды шынайы жолдан адастырушы жалған ақпараттардың таралуы мен экстрем­истік топтарға азық болудан құтқаратын бірден бір жол деп санаймыз.

Қорытындылай келе айтарымыз экстремизм мен терроризмге қарсы күрес адамзатты азғындыққа апаратын жолдан сақтап қалудағы басты қадам. ХХІ ғасырдың дертіне бірлесе қарсы тұрмасақ әлем болашағы бұлынғыр болары сөзсіз. Осы орайда, Қазақстан өз тарапынан халықаралық тәжірибені ескере отырып, терроризм мен экстремизмге қарсы тұрудың заңнамалық базасын жетілдіруді күшейте түсуде.

Дастан Көшербаев,

саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдардың кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button