Өңірге жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, Qarmet компаниясын аралады.

Qarmet компаниясында өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне арналған «Қауіпсіздік аумағы» алғашқы салалық форумы өз жұмысын бастады. Шараға ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, мемлекеттік басқару органдары мен мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар мен мамандар қатысты. Форумда бизнес пен мемлекет алдында тұрған өзекті мәселелер талқыланды.
Форумда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова:
— «Қауіпсіздік аумағы» форумы дәл уақытында және тиісті орнында өтіп жатыр. Еңбек қауіпсіздігіне қатысты ең үздік шешімдерді осы жерде — еліміздегі ең ірі металлургия кәсіпорнының түтін мұржаларының саясында талқылап, енгізу қажет. Теміртауда, Qarmet компаниясында біз қауіпсіздікке деген жаңа көзқарас пен модернизацияның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Жаңа технологиялар енгізілді, жарақат алу деңгейі үш есеге жуық төмендеді. Бұл жай ғана статистика емес, бұл — адам өмірі. Мемлекет, бизнес, кәсіподақтар және жұмыскерлер біріге , әр адамның еңбегін бағалап, өмірі қорғалатын нағыз қауіпсіздік аумағын құра алатынымызға сенімдімін, — деді министр.
– Біздің облыс – елдегі ірі өндірістік өңір әрі индустриялық орталық болғандықтан, өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі әрдайым басты назарда. Біз, жергілікті атқарушы орган ретінде, бұл мәселеге тікелей немесе жанама түрде әсер ететін барлық үдерістерге белсенді түрде қатысамыз. Бізде «Қауіпсіз еңбек» деп аталатын кешенді шешім – іс-шаралар жоспары бар. Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын жақсарту және кәсіби қауіптерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында облыстың 143 ірі кәсіпорны халықаралық және ұлттық қауіпсіздік стандарттарын енгізді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін ерекше атап өткім келеді және Қазақстандағы тау-кен металлургия кешенінің ең ірі кәсіпорны базасында осындай алаң ұсынып отырған Qarmet компаниясының басшылығына алғысымды білдіремін, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.
– Қазақстан магниткасының жүрегі – Теміртау қаласына Қош келдіңіздер. Бүгін біз сіздермен кез келген өндіріс үшін ең маңызды мәселе болып саналатын – өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселесін талқылаймыз. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызметкерлердің денсаулығын қорғау – біздің қызметіміздің негізгі бағыттары, және Qarmet компаниясы бұл мәселеге әрдайым басымдық береді. Біз өндірістегі оқыс оқиғаларға «Нөлдік төзім» қағидатын ұстанамыз. Басты мақсатымыз – әр қызметкер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау. Бүгінгі форум бұл саладағы жағдайды жақсартудың қозғаушы күшіне айналып, тек Qarmet компаниясында ғана емес, тұтас тау-кен металлургия саласында оң өзгерістерге жол ашады деп сенемін, – деді жиналғандарға Qarmet компаниясының Бас директоры Вадим Басин.
Сондай-ақ, Светлана Жақыпова өңір активімен, қоғам өкілдерімен және тұрғындарымен кездесулер өткізеді, кездесулерде қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы баяндап, сондай-ақ әлеуметтік қорғаудың тиімділігін арттыруға, жұмыспен қамтуды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық шешімдермен таныстырады.
Сондай-ақ, министр әлеуметтік және білім беру ұйымдарына барып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА