Инвестиция екпінмен игерілуде
Облысқа құйылған инвестицияны игеру жұмыстары қарқынды. Мәселен, биылғы жылғы қаңтар-ақпан айларында аймақтағы кәсіпорындарының негізгі капиталына салынған инвестицияның 23,6 млрд. теңгесі игерілді.
Бұл – өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 102,2 пайыздық көрсеткіш. Мұның ішінде, ірі кәсіпорындар инвестицияның – 61,2 пайызын, шағын кәсіпорындар – 32,4 пайызын және орта кәсіпорындар 6,4 пайызын іске жаратты.
Салалар бойынша тәптіштесек… Инвестицияның басым бөлігі, яғни, 50,5 пайызы көлік, арнайы техника, көлік құрал-саймандарын сатып алуға және оларды жөндеу жұмыстарына тиесілі. Сондай-ақ, құрылыс, ғимараттарды жөндеуге қарастырылған қаржы 46,8 пайызды құраған. Қалған 2,2 пайыз инвестиция өзге де шығындарды өтеуге бөлінген.
Инвестицияның 72,3 пайызы өнеркәсіпте игерілді. Яғни, мұнда өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 46,4 пайыз, кен өндіру – 24,7 пайыз, сумен жабдықтау – 0,9 пайыз, электрмен жабдықтау – 0,3 пайыз.
Өткен жылғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда, инвестициялар көлемінің артуы облыстың 10 өңірінде байқалды. Қарқаралы ауданында бұл көрсеткіш 4,7 есеге ұлғайды.
Нұрқанат ҚАНАФИН.