Білім

Инклюзия игілігін арттырса…

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 140 мыңға жуық бала ерекше білім беруді қажет етеді. Оның 38 мыңы – мектеп жасына дейінгі балалар, 96 мыңы – оқушылар. Инклюзивті білім беру әлемде маңызды мәселеге айналды. Қазақстанның «Баршаға арналған білім» бағдарламасы негізінде инклюзивті білім беруді ілгерілету бойынша жүзеге асырған саясаты мен бастамаларының тың мүмкіндіктерін қарастыру күн тәртібінен түсе қоймады. Осыған қатысты педагог ретінде бір үзік пікірімізді білдіргенді құп көрдім.

 

Әуел баста түсіндіре кетелік. Инклюзивті білім беру дегеніміз – әрбір оқушы қажеттілігін қанағаттандырарлық сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету процесі.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев 2021 жылғы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі заңға қол қойғаннан кейін жалпыға бірдей білім беретін мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы жабдықталған сыныптар ашылды. Мектепке келе алмай жүрген балалар өзі қатарлас балалармен бір сыныпта сабақ оқуға мүмкіндік алды. Аталған заңның арқасында арнайы мамандар жұмысқа тартылып, оларға жағдай жасалуда. Арнайы оқулықтар, жұмыс дәптерлері шығарылды. Енді осы оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің саны артып, кітапханаларға көптеп таратылса, яғни, бәріне қолжетімді болса және мамандар біліктілігін арттыратын ақысыз курстар ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет басшысының қолдауымен әлі де көптеген жүйелі жұмыстар атқарылатынына сенім мол. Қазірдің өзінде ерекше қажеттілігі бар жандар инклюзия игілігін сезіне бастады.

2008 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қол қойып, онда мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін инклюзивті білім берудің маңыздылығы аталған еді.

Үкімет ұсынған негізгі бастамалардың бірі – «Баршаға арналған білім» бағдарламасы. Бұл бағдарлама Қазақстандағы әрбір баланың шығу тегі мен қабілетіне қарамастан сапалы білім алуын қамтамасыз етуді көздейді. Мұнымен бірге, Қазақстанда инклюзивті білім беруді ілгерілетумен айналысатын бірқатар үкіметтік емес ұйымдар да бар. Мысалы, «Ашық қоғам қорлары» Қазақстанда 1993 жылдан бері инклюзивті білім беруді дамыту және мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірін жақсарту мақсатында жұмыс атқаруда.

Мұнда оқушылармен, мұғалімдермен және ата-аналармен кешенді негізде жұмыс атқару маңызды. Яғни, бұл этикалық зерттеу тәжірибесіне сүйене отырып, мүдделі тараптармен бірлескен қарым-қатынасты дамытуды талап етеді.

Ұлыбритания Үкіметінде инклюзивті білім беруді ілгерілетуге бағытталған «Әрбір бала маңызды» бағдарламасы бар. Сондай-ақ, Үкімет мектептерге инклюзивті білімге нұсқаулар беретін «Арнайы білім беру қажеттіліктері және мүгедектік (SEND) практикалық кодексін» енгізді.

Қазақстан инклюзивті білім беруді ілгерілетуде айтарлықтай жетістіктерге жеткенімен, әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Негізгі проблемалардың бірі – инклюзивті білім беру үшін ресурс пен қаржының тапшылығы.

Оның үстіне мұғалім, атаана, тұтас қоғамның инклюзивті білім беру турасындағы түсінігінің кемшіндігі кері әсер етпей қоймайды. Бұл тұрғыда көмекші технологияларды пайдалану қажет. Бұл технологиялар оқудағы кедергіні жеңуге көмектеседі.

Мәселен, алақандай ғана Ақадыр кентінің өзінде инклюзия амалдарын қажетсінетін бала саны 90-ға жуықтап қалды. Балабақша мен мектепте психолог-дефектолог кабинеті болғанымен, көбіне талапқа сәйкес келмей жатады. Ақадыр тұрмақ, Шет ауданының өзінде арнайы инклюзиялық дербес орталық жоқ.

Бір мысал. Қарағандыда «Логос-Қарағанды мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы» атты қоғамдық бірлестік қызметі қолжетімді. Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, сөйлеу және психика, даму және басқа да сырқаты белең алған балалар мен ересектерді оңалту жүргізіледі. Бұған массаждың барлық түрлері, денеге бағытталған терапия әдістері, АРТ-терапия, тіпті, Швейцария технологиясының рефлексологиясы, иппотерапия кіреді. Сондай-ақ, ата-аналарға өзіне деген сенімділік қалыптастыруда, баласын түсінуде, оның тұлға ретінде тануға психологиялық көмек көрсетіледі. Дәл осындай шаралар легі шалғай елдімекендерде де жүзеге асырылғаны ауадай қажет. Аумақтағы 4 дәрігерлік амбулатория жанынан жергілікті бюджет қаражатынан бөлінетіндей етіп жасақталса деген ұсынысымыз да бар.

Ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істеу оңай емес. Алайда, олардың қоғамда орны бар екенін, қатарластарымен тең құқылы екенін естен шығармағанымыз – парыз.

Ботакөз БАЙМУРЗИНА,
педагог-психолог.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button