Ілгері басу үрдісі байқалады

Жұмыспен қамту мәселелері бойынша халықты ішінара зерттеу қорытындыларына сәйкес, 2016 жылғы ІІ тоқсанда Қарағанды облысындағы 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күші, яғни, экономикалық белсенді халық саны 681,5 мың адамды құрады. Бұл – жалпы үлестің 63,8 пайызы деңгейіндегі көрсеткіш. Осындай мәліметті облыстық статистика департаменті таратты.

Есепті мерзім аралығында жұмыспен қамтылған халықтың саны 647 мың адамды құрап, азаматтардың еңбекке тартылу деңгейі жұмыс күшінің санына шаққанда 94,9 пайызға жеткен. Олардың ішінде жалдамалы қызметкерлердің үлес салмағы 88,2 пайызға тең, ал 11,8 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтамсыз еткендер санатында. Жалданып жұмыс істейтіндердің басым дені, яғни, 87,6 пайызы кәсіпорындарға тиесілі, жеке тұлғаларда – 11 пайыз, шаруа қожалықтарында – 1,2 пайыз, азаматтық-құқықтық шарт бойынша еңбекке тартылғандар – 0,2 пайыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендердің негізгі бөлігі (30,8 пайыз) – сауда саласында, 28,6 пайызы – ауыл шаруашылығында, 14,4 пайызы – көлік қызметін көрсету саласында, 5,5 пайызы – құрылыста, 2 пайызы – өнеркәсіпте және 18,7 пайызы басқа да қызмет түрлерін ұсыну салаларында еңбек етуде.

Жұмыссыз халық саны талдау қорытындысына сәйкес, 34,5 мың адамды құрады. Олардың арасында әйелдердің үлесі 55,6 пайыз деңгейінде тұр. Жұмыссыздар құрылымында 35-44 жастағы халық – 30 пайызды, 25-34 жас мөлшеріндегілер – 25,8 пайызды, 45-54 жастағы жұмыссыздар – 21,8 пайызды, 15-24 жас көлеміндегі жастар – 12,3 пайызды және 55 және одан жоғары жастағылар 10,1 пайызды құрады.

Жалпы алғанда Қарағанды облысы бойынша жұмыссыздық деңгейі – 5,1 пайыз.

Қалай десек те, салыстырмалы түрде алып қарастырғанда аталған әлеуметтік мәселеде ілгері басу үрдісі байқалады.

Ахат  ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.