Хоккей жұлдыздары – Қарағандыда
Өткен сенбі «Қарағанды-Арена» мұз айдынында ине шаншар орын болмады. Себебі, мұнда спортсүйер қауым асыға күткен «Hokei meiramy 2025» мерекесі өтті. Аталмыш шара Қазақстан Хоккей федерациясының ұйымдастыруымен биыл Қарағандыда екінші мәрте өткізіліп отыр.
Аталған шара екі күнге жоспарланған. Алғашқы күні хоккей жанкүйерлері сүйікті ойыншыларымен кездесіп, суретке түсті. Әрі хоккейшілер баспасөз мәслихатына қатысып, көптің сұрағына жауап берді. Бұл күні жанкүйерлер Никита Бояркин, Валерий Орехов, Никита Михайлис, Эдгарс Сиксна, Әділ Бекетаев сынды хоккей майталмандарымен жүздесті. Осы хоккей мейрамы үшін Владивостоктың «Адмирал» командасынан Леонид Тамбиев пен Павел Житков арнайы келіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Жанкүйерлер құрметіне мұз үстінде арнайы әзірленген шоу өтті.
Ал, екінші күні танымал хоккейшілерден жасақталған «Legends» командасы мен «Pro» командасы арасында шоу мач өтті. Жалпы, «Legends» командасында әр жылдары «Барыс» және Ұлттық құрама команда сапында ойнаған танымал хоккейшілер жиналған. Атап айтсақ, бұл команданы Олег Болякин, жастар хоккейінің үздігі Антон Васин және әйелдер арасындағы чемпион Александра Сафонова мен Мэрайя Хиндс бастап шықты. Ал, «Pro» командасына жанкүйерлер өздері дауыс беру арқылы ел чемпионатының үздік ойыншыларын жинаған.
Мұз үстіндегі тартыс жоғары деңгейде өтті. Кездесудің негізгі бөлігі 2:2 есебімен тең аяқталған соң, буллит кезеңіне ұласты. Бұл кезеңде «Pro» командасы сапынан Александр Коннов, Данил Парамонов, Михаил Гулый, Муса Гусейнов пен Ян Тютюньков мүмкіндікті мүлт жібермеді. Ал, «Legends» командасы сапынан Мадияр Ибрайбеков пен Талғат Жайлауов та көрермен ықыласына бөленді. Капитандар сайысында Даррен Диц пен Фёдор Хорошев мәнерлеп сырғанауда шеберлік көрсетіп, көптің назарын ортаға бұрды. Осылайша, кездесу қорытындысы бойынша 3:2 есебімен «Pro» командасы жеңіске жетті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
ortalyq.kz
Суреттер клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан