Хоккей маусымы аяқталды
Биылғы хоккей маусымы қарағандылық «Сарыарқа» үшін тәмам. Ел чемпионатында үздік өнер көрсетіп, екінші жыл қатарынан қола жүлдеге қол жеткізді. Күні кеше хоккейшілеріміз Karagandy-Arena мұз айдынында жанкүйерлермен кездесіп, маусымды қорытындылады. Жанкүйерлермен кездесу кешіне Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Алексей Мамонтов пен ҚХЛ жарыстарын өткізу департаментінің директоры Сергей Козлов арнайы қатысып, хоккейшілерді жанкүйерлер алдында марапаттады.

Биылғы хоккей маусымы қарағандылық «Сарыарқа» үшін оңайға соқпады. Командалар өткен маусымдағы ойынды көрсетпеді. Биыл керісінше, шабысына шабыс қосқандай. Жерлестердің де жаңа маусымды үлкен күшпен бастады. Нәтижесінде, турнир кестесінде IV орынмен 1/4 кезеңге жолдама алды. Ал, былтыр олар VII орынмен шыққан еді.
Кездесу барысында клубтың спорттық директоры Виталий Смольянинов, бас жаттықтырушы Владимир Князев және команданың капитаны Дмитрий Стулов баспасөз мәслихатына қатысып, көпшіліктің сұрағына жауап берді. Одан бөлек, өңірдегі хоккей мектептерінде тәрбиеленіп жатқан жас спортшыларды команда қатарына қосу мәселесі талқыланды. Легионерлер мен клубтың қаржылық мәселесі де сөз болды.
– Маусым түрлі эмоцияға толы болды. Жігіттерге Алғысымды айтамын. Жеңіс үшін күш-жігерін аямады. Осы жолы жіберген қателіктерімізбен жұмыс істеп, жаңа маусымда үлкен күшпен келеміз. Маусым бойы қолдаған жанкүйерлерге Алғыс білдіремін, – деді Владимир Николаевич.
Ал, команда капитаны Дмитрий Стулов та сөз алып, ерекше әсерімен бөлісті.
Жерлестер 1/4 финалда «Алматы» клубымен кездескен еді. Қос команда арасындағы ойын ұзаққа созылды. Алтыншы кездесуде жерлестер қарсыластарын 3:2 есебімен жеңіп, жалпы есепте таразы басын теңестірген еді. Сол кезде команда капитаны Дмитрий Стулов әріптесі Глеб Зайцевке шығарған пасы нәтиже тіркеген. Қарсылас қақпасына енген сол шайба командаға тағы бір мүмкіндік сыйлап еді.
– Біздің мақсат – чемпион атану еді. Бірақ, хоккей тосын жайттарға толы ойын түрі. Кей жерде сәттілік жетіспеді. Кейде өзімізден де қателіктер болды. Соған қарамастан жүлде алып, жанкүйерлерімізді қуанта алдық. , – деді капитан.
Отырыстан кейін жанкүйерлер үшін түрлі-түсті шоу-бағдарламалар мен балаларға арналған қызықты ойындар ұйымдастырылды. Ал, команда ойыншылары жанкүйерлерімен естелік суретке түсті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»