Руханият

Хикаят балалар көзімен

«Балалар жылы» аясында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы «Qasym» баспа үйінің демеушілігімен жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Молдахмет Қаназдың 80 жасқа толуына орай 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында «Сиқырлы бояулар» атты кітап иллюстрациясының халықаралық байқауын жариялаған еді.

Сайыстың басты шарты – Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ отбасы асырап алған неміс баласы Чиканың балалық шағы туралы баяндайтын «Чика – Дабылдың баласы» повесінің желісі бойынша иллюстрациялар салу, салған суреттері арқылы оқырманға әңгіме желісін баяндау. Оған Ресей, Қырғызстан, Германия, Израиль, Франция елдерінен және Қазақстанның түпкір-түпкірінен 120-дан аса жұмыс жолданған.

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында байқау жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты жиынға жазушы Молдахмет Қаназ арнайы келіп қатысты.

Суретшілерден құралған қазылар шешімімен, «Минимализм шеберлігі» номинациясы бойынша Наталья Зильберман, (Израиль), «Бірегей техника» – Сымбат Асылбай, (Түркістан облысы), «Көркемдік шеберлігі» – Малика Жақыпова, (Қостанай қаласы), «Бейненің мәнерлілігі» – Полина Бойко, (Қостанай қаласы), «Ойламаған интерпретация» – Еврар Апак, (Франция), «Балалық пәктік» – Құлмаханбет Кәусар (Түркістан облысы, Монтайтас ауылы), «Ұлттық ерекшелік» – Максим Евсеев (Шахтинск қаласы) марапатталды.

Ал, III дәрежелі дипломға Ольга Лукичева (Қостанай қаласы), Вероника Шмидт (Қарағанды қаласы), II дәрежелі дипломға Эрика Майер (Қостанай қаласы), мен Ангелина Гнездилова (Қарағанды қаласы), I дәрежелі дипломға Екатерина Стребкова (Қарағанды қаласы) ие болса, Бас жүлде Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғыны Дана Әділханға бұйырды.

Хикаят балалар көзімен

Қарағандыдағы Абай атындағы кітапхана ұжымы байқау жеңімпаздарын марапаттаудан бұрын, кітапханада Алматыдан арнайы келген жазушымен кездесу өткізіп, оған мектеп оқушылары қатысты. Балалар «Чика – Дабылдың баласы» повесінен үзінділер оқып, қаламгерге сұрақтар қойды. Өз кезегінде кітапхана ұжымы байқауға қатысқан үміткерлердің иллюстрацияларынан альбом шығарып, жазушыға тарту етті.

Назым ДҮТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button