Бас тақырыпКөкейкесті

Халық автожолға алаңдаулы

Мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат қарастырып, шет елден инвесторлар тартып, барын салып жатқанымен, республикалық және жергілікті мән-маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермей кестеден қалып жататыны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен болған кездесуінде «Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне тез, жылдам апаратын қауіпсіз жол болуы тиіс. Жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды!» деген болатын. Сол үдеден шықтық па? Бүгінде «Қарағанды-Балқаш» автожолының құрылысы қашан бітеді?» деген сұрақ халықты алаңдатуда. Өйткені, 5 жылға жоспарланған құрылыстың 45 пайызы ғана аяқталған. Ал, жоба бойынша күрежол 2023 жылдың мамырына дейін  толық тапсырылуы тиіс.

Бұл жобаға жауапты – «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы. Автожол құрылысы бүгінгі күні кестеден кешігуде. Бес жылға жоспарланған халықаралық маңызға ие транзиттік жоба келер жылы бітуі тиіс. Алайда, келесі жылы бітетініне халықтың күмәні бар. 2019 жылы қарқынды басталған құрылыс кейін екі жылғы пандемия кезінде тұралап қалды. Тіпті, көліктер еркін жүруі үшін төрт жолақтың екеуі түгел тапсырылуы тиіс еді. Оның үстіне құрылыс материалдары да бірнеше есеге қымбаттаған. Салдарынан кей учаскелерде жұмыс тоқтап қалды. Мердігерлер 2016 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттағы құн бойынша жұмыс істеу тиімсіз екенін алға тартуда.

Қазір жолға шыққан көлік жүргізушілері айналма жолдың азабын көріп келеді.

Бұл екі аралықтағы жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырым. Жолдың басым деніне асфальт төселмек түгілі айналма жолдарының өзінде ой-шұңқыры шығып жатыр. Жүріс өнбегені былай тұрсын, сапасыз жолдың салдарынан көлігі сынып, елдің есіл ақшасы желге ұшуда. Мысалы, Арман деген азамат: «Жол нашар, жүре алмаймыз. Доңғалақтың барлығын жарып келе жатырмыз. Бұл жол қашан бітеді?», – дейді. 

Ал, жобаның бас инженері Дамир Ошақбаев жол құрылысы материалдары қымбаттап кеткенін айтады. «Қымбатшылықтың салдарын тартып отырмыз. Қазір мердігер талап қойып жатыр. Оның бәрін қазір қарастырып жатырмыз. Авторлық қадағалаумен бірге жұмыс істеудеміз. Жол құрылысы 8 учаскеге бөлінген. Жоба құны – 248 млрд. теңге. Құрылысқа тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері егер Үкіметтік деңгейде мердігерлердің талабы мақұлданбайтын болса, олар жұмысты соңына дейін бітіруге міндетті», – дейді ол.

Білгеніміздей, жобаның әу бастағы құны 248 млрд. теңге болған. Алайда, одан бергі 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны 30 процентке өсіпті. Енді мердігерлер қосымша қаражат сұрап отырған көрінеді. Бірақ өтініш орындала ма, ол жағы әзірге белгісіз. Анығы, жауапты компаниялар қалай болғанда да жұмысты 2023 жылы түгел аяқтауы тиіс.

Ал, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Жұмағұлов болса:

«Жалпы, жоба 30 пайызға дейін қымбатшылыққа ұрынды. Жұмыс жоспардан 25 пайызға кешігуде. Министрлік, тиісті органдар бұл мәселені біледі. Мердігерлер қандай жағдай болмасын жұмысты соңына дейін аяқтауы тиіс. Болмаса келісімшартты бұзамыз», дейді.

Жергілікті халық болса «келесі жылға дейін құрылысты бітіреміз», деп жанталасқан мердігерлер жолды сапасыз салуы мүмкін деп алаңдаулы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button