Ресми

Халық қалаулылары – ел ішінде

Балқаш қаласына жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің хатшысы, партияның Республикалық экологиялық кеңесінің төрағасы Бауыржан Смағұлов пен Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі Арман Қалықов келді.

Мәжіліс депутаттары алдымен, Балқаш қаласының экологиясына байланысты мәселені көтерді. Балқаш – елдегі іргелі түсті металлургия ошағының бірі. Кен өндіруден басталатын, шақпақ мыс шығарумен аяқталатын өндірістік үдеріс қалыптасқан. Қуатты кеніш, байыту фабрикасы мен мыс қорыту зауытынан басқа қала тамырына қан жүгірткен ондаған кәсіпорын бар. Соның бәрі белгілі бір дәрежеде қоршаған ортаға әсер ететінін халық қалаулылары алға тартты.

– Экологиялық проблемалар әр адамның мүддесіне тікелей қатыс­ты. Еліміздің жеткілікті дамыған өндірістік-экономикалық әлеуеті, аса бай минералды-шикізат қоры бар. Соған қарамастан қазір экологиялық проблемалар өзекті күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, Арал, Балқаш және Семей ядролық және әскери полигондары, Каспий маңы аймағының проблемалары, елді мекендердегі ауаның, жер қыртысы мен судың жоғары дәрежеде ластануы көпшілікке әсер етері анық. Осы және табиғи қорлардың бірте-бірте азаюы, тағы басқа жағдайлар экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге айтарлықтай кедергі жасайды, – деді Арман Қалықов.

Осынау өзекті мәселеге байланысты депутаттармен бірге Экология және табиғи ресурстар, Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері Балқаш мыс балқыту зауытына барды. Өндіріс аумағында «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Ж.Байғабелов қарсы алып, мыс зауытының, мыс электролизі мен күкірт қышқылы цехының өндірістік процесімен таныстырды.

Бұдан кейін ат басын тіреген келесі маңызды нысан – 1937 жылы салынған «Қазақмыс энергиясы» ЖШС Балқаш жылу электр орталығы. Депутаттар жылу орталығының қысқа қамданысын талқылады. Сондай-ақ, мәжілісмендер қазандық цехының қайта құру барысымен және электр энергиясын басқару жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Балқаш өңірінің проблемалық мәселелері қалалық әкімдікте талқыға салынып, «Балқашцветмет» өндірістік бірлестігінде, «Kazakhmys Smelting» ЖШС және Балқаш ЖЭО-да экология, энергетикалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері тыңдалды.

– Қаланың газдануына кәсіп­орын жабдықтарының технологиялық тозуы әсер етеді. Осыған байланысты цехтардағы түтін газдарын ұстау және тазарту жүйелерін жаңарту және ауыстыру қажет. Мыс балқыту зауыты әзірлеп жатқан стратегиялық жоспарға сәйкес 2025 жылға қарай күкірт-қышқыл цехының шығарындыларын 50%-ға дейін төмендететін екінші тізбекті салу көзделіп отыр, – деді халық қалаулылары.

Кеңеске қатысушылар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы айтты. Депутаттар сондай-ақ, AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде «1 және 2-кезектегі қалалық жағалауды қайта құру» жобасының барысымен танысты.

Жұмыс сапары соңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button