Ресми

Сарбаздар қатары толықты

Аймақтағы Қарулы күштер ардагерлері, офицерлер, əскери қызметкерлер, жас сарбаздар 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік салтанатты атап өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қазақстанның Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада, «Жас Сарбаз» кадет сыныптарының түлектеріне аттестат табысталды. Жиында сөз алған облыс əкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жиналғандарды мерекемен құттықтады.

– Барлығыңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Бұл мерекенің əрқайсымыздың өмірімізде алатын орны ерекше. Себебі, ат жалын тартып мінген əрбір азамат үшін Отан қорғаудан артық қасиетті іс жоқ. Кешегі қазақтың қатпарлы тарихында батыр бабаларымыз елімізді өзінің ерлігімен, бірлігімен, қаһармандығымен қорғап қалды. Ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Ерлеріміздің есімі еш уақытта есімізден шықпақ емес. Отанымыздың Қарулы күштерінің құрылғанына үлес қосқан барша азаматтарға алғыс білдіремін, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.

Жиында əскерилерге жəне республикадағы су тасқыны орын алған мекендерде «Біз біргеміз!» акциясына атсалысқан еріктілерге Алғыс хаттар табысталды.

Табиғи апат орын алған сəттен бері қауіп пен қиындыққа қарамай, ауызбіршілік пен жауапкершілік танытқаны үшін Бұқар жырау ауданының тұрғыны «Асыл» шаруа қожалығының басшысы Серік Мединов, төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару қызметінің бас құтқарушысы Сергей Тарын, Шет ауданының тұрғы- ны, белсенді волонтер Еркебұлан Искаковқа Алғы хат табысталды. Сондай-ақ, марапаттар қалалық Жастар ресурстық орталығы жанындағы Каинд Кью Джи волонтерлік штабының мүшесі Аяжан Жақабаеваға, «ВОЛТЕГ» волонтер штабының мүшесі Нұрасыл Ғабитұлына бұйырды.

Салтанатты жиында Қарағанды облысы қорғаныс департаментінің басшысы Жанас Құнанбаев 9, 11 сыныптарының «Жас сарбаз» түлектеріне аттестаттар табыстады. Үздік аттестат №10 жалпы білім беретін мектебіне, сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп жəне Нұркен Əбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп түлектеріне табысталды.

– Даңқты қолбасшы, əскери қайраткер, батыр Бауыржан Момышұлы «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы əскери тəрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мəжбүр етудің нəтижесі» деп жас буынды ерлікке шақырады. Бүгінде облыста «Жас Сарбаз» қозғалысы дамып келеді. Қазіргі таңда 77 сыныпта 1700-ден астам оқушы қамтылған, – деді Жанас Құнанбаев.

Мерекелік шарада Қ.Байжанов атындағы концертік бірлестіктің «Арай» квартеті өнер көрсетті. Танымал əнші Қазыбек Əдікей жас сарбаздарға сəттілік тілеп, əннен шашу шашты.

Аяулым СОВЕТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button