Шет

Халық ақынын қастерледі

Тұғырлы Тәуел­сіздігі­міздің 25 жылдығы қарсаңында ел ішіне танымал болған халық ақыны, ұлт мақтанышы, айтулы айтыскер ақын Жәкен Байтуұлының туғанына 125 жыл толу мерейтойына арналған тарихи-тағылымдық мәні бар «Сарыарқаның сұңқары» атты әдеби кеш жас талапкер шәкірттердің талабын ұштап, қанатын қатайтқан киелі шаңырақ Талды орта мектебінде өтті.

   Әдеби кешті мектеп әкімшілігі мен ауыл әкімдігі ұйымдастырды. Шараға әке мұрасын ерекше ізденіспен жалғастырып келе жатқан ақынның ұлы, зейнеткер-ұстаз Жақсылық Жәкенұлы арнайы қонақ ретінде келіп, сөз саптау ерекшелігімен дараланған әкесі жайлы жүрекжарды лебізін білдірді. Ақын жайында жазған кітаптарын мектеп кітапханасына тарту етті. Оқырмандар арасында ақынның мұрасы жайында сыр-сұхбат жүргізді. Кешке Шет ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Әкімжанов, ауыл әкімі Боранбай Қордабай­ұлы, мектеп директорының міндетін атқарушы Бексұлтан Сұмағұлұлы, ауылымыздың ардақты азаматы Тілеуқор Мусин қатысып, пікір қосып, ақын ұрпақтарына сый-сияпат, тарту-таралғыларын табыс етті. Мектеп мұғалімдері Жәкен ақынның өнер биігіндегі шығармашылық еңбегін жан-жақты баяндады. Өнерді өміріне серік еткен Сұраған Жайболдың орындаған «Адай» күйі тағылымы мол әдеби кештің шымылдығын ашса, «Аңсар» би тобы мың бұралған биімен, ақын немересі Бауыржан Рысбеков пен жиеншары Ұланғасыр Қамиев атасы Жәкен Байту­ұлына арнау айтса, мектеп оқушылары ақынның әдеби туындыларын жатқа мәнерлеп оқып, көрермендерін мерейлендірді. Тамаша кештің тәмамдалар шағында Гүлнар Шибутова мен Мейрам Қозыкеновтің шырқаған әсем әндері көрермен қауымның жүрегіне жол тапты.

Бауыржан РЫСБЕКОВ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button