Білім

Грант – жетістік өлшемі емес

Кезекті оқу жылы аяқталып, мектеп түлектері үлкен өмірге аяқ басқалы тұр. Бұл – олардың өміріндегі елеулі сәттердің бірі. Карантин шектеулеріне байланысты биылғы мектеппен қоштасу кеші расында да жас түлектің жадында мәңгі қалатындай…

Мектеп бітірген бала оқуға түсуді армандайды, ҰБТ тапсырады. Біреулері армандаған оқуына түсер, біреулер түсе алмас…

Алайда, бүгінгі нәтиже ертеңгі өміріңізге айтарлықтай әсер етпеуі де мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Оқуға түсе алмай қалу, грантқа ие болмау – өмірдің соңы емес. Сандықта 3-4 дипломы жатқан, кезінде грантты жеңіп алып, қазіргі таңда жұмыссыз жүргендер де бар екенін ұмытпау керек. Дегенмен, бүгінгі әңгіме олар туралы емес. Біз кезінде қалаған оқуына түсе алмай қалса да, кейін есімдері Алты Алашқа, тіпті, әлемге танымал болған отандастарымыз жайлы сөз қозғаймыз. Кім біледі, 5-10 жылдан кейін бұл тізімде қазір жолым болмай қалды деп жүрген кей жастарымыз да тұруы мүмкін ғой…

Самал ЕСЛӘМОВА. Иә, ресейлік режиссер С.Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді сомдаған, 71-ші Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған Самалды айтып отырмыз. Самал әу баста журналист болғысы келген екен. Грант иеленуге бар болғаны 1 балл ғана жетпеген жас қыз С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры жанынан ашылған актерлік шеберлік курсына амалының жоқтығынан бара салған… Ендеше, сізді де «бір бұрышта» бақыттың тосып тұрғаны анық.

Самғау НӘСІПХАН. Атажұртқа 2005 жылы оралған Самғау да – грант мәселесіне келгенде «тұсалып қалған» тұлпардың бірі. Еңбек жолын әкесіне көмектесіп, тері илеу мен етік тігуден бастаған. «Арлан» жеке кәсіпкерлік орталығын ашып, «Ұлы Дала» белгісімен ұлттық нақыштағы белдік пен аяқ киім тігеді. Елбасыға арнайы етік тігіп, сыйға тартқан оның кәсібі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан алған несие арқылы дөңгелеп жүріп берген. Мақсаты – «Самғау» аяқ киім фабрикасын ашу. Миллиондардың нөлдерін әрлі-берлі «домалату» үшін мемлекеттік оқу грантының маңызды еместігінің тағы бір дәлелі осы емес пе?..

Шынар БӨГЕМБАЕВА. «Қағанаттан» ас-ауқат ішіп, қанағат айтып жүрген жандар көп. Шынар ханым бизнеске әкесінің ақылымен келген. Технологиялық университеттегі оқуын ІІІ курстан тастап, кафелердің біріне жұмысқа тұрған. Бір жылдан соң дәл осы бизнесті өзі де жүргізе алатынына сенімі артып, қазіргі «Қағанат» асханалар желісінің негізін осыдан аттай 21 жыл бұрын қалаған екен…

Арман ТОСҚАНБАЕВ. Үйіміздегі компьютерді бәріміз де ашып-шашып жүрміз ғой. Арман өзінің осы қабілетін бизнеспен ерте ұштастыра білген. Өзі құралпылас екі досымен бірге компания ашып, жұрттың компьютерін жөндеуге кіріскен. Анығын айтсақ, Арман да грантқа түсе алмаған. Бірақ, салы суға кетер жігіт бұл емес еді. Ресейдегі Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түседі. Онда оқи жүріп, ағаш саудасымен айналысады. Бизнестің дәмін татқан жас жігіт бұл оқуды бекер оқып жүргенін сезіп, ІІ курстан тастап кетеді. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Гидропонды қондырғылардың өндірісі» жобасы үшін 3 млн. теңгелік грантты жеңіп алады да, «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясының негізін салады. Бұл компания жануарларға арналған жем-шөп өсірумен айналысады. Қазіргі таңда оның бірнеше бизнесі бар. Жылыжаймен шұғылданады. Криптовалюта өндіреді. «OTAN» қазақстандық тұңғыш сағат өндірісін жолға қойған. Сонымен қатар, бизнесті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған «Идеядан – бизнеске» оқыту бағдарламалық курсын әзірлеген. Бұл бағдарлама бойынша бір жылда 600-ден астам жас оқып шықты.

Міне, бізге өмірдің қай бұрылысында не күтіп тұрғаны беймәлім. Ендеше, сеніміңді жоғалтпай, әрекет етуге талаптан!

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button