Головкин өңірге инвестиция құйды
Қарағандыда екібастұздық және қарағандылық кен орындарынан алынған көмірді байыту фабрикасы ашылды. Фабриканың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБІДБЕКОВ қатысты. Өндіріске инвестиция құюшылардың бірі – қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий ГОЛОВКИН. Әлем чемпионы ұлттық экономикаға инвестиция құю арқылы еліне пайдасын тигізгісі келетінін айтады.
Фабриканың қуаттылығы жылына – 500 мың тонна. Кәсіпорынның құрылтайшылары қатарында Геннадий Головкинмен бірге «KAZ Феррит» ЖШС, «Самұрық қазына» Ұлтық әл-ауқат қоры бар.
«Біз бүгін көмірді қайта өңдеуде озық технологияларды пайдалануды енгізуге негізделген жаңа өндіріс ошағын ашып отырмыз. Өндіріс – Қарағанды өңірі экономикасының дамуына өз үлесін қоспақ. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жоғары болады деген үміттеміз», – дейді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков. Сондай-ақ, аймақ басшысы жерлесіміз, бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинге ризашылығын білдірді. Әлемдік бокста елімізді әйгілеп жүрген боксшының аймақ экономикасын дамытуға ынталы екенін жеткізді.
Ал, Геннадий Головкин өзінің бизнесіне басшылық жасайтын сенімді тұлғалардың барлығын айтады. Сондай-ақ, ол бұл саладағы кәсіби мамандарға да сенім білдірді.
– Аталған жобаның құрылтайшыларының бірімін. Менен басқа өзге құрылтайшылар бар. Жекпе-жектерден алынған қаражатты құйдым. Шетелден тапқанымды үйге әкелдім. Көмір саласы маған жақын. Әкем 35 жыл шахтада жұмыс істеді. Бұл – отбасымның ажырамас бөлігі, тарихы, – дейді Геннадий Головкин. Спорт саласына да инвестиция құю ойында. Рингті тастау боксшының жоспарында жоқ. Алда әлі де қол жеткізер мақсаттары бар.
Көмірдің сапасын арттыруға бағытталған инвестициялар қазақстандық көмір өнеркәсібінің ЕАЭО-та, одан кейін ДСҰ-да бәсекеге қабілеттілігін көтеруге негіз болмақ. Жаңа өндірісте 150 тұрақты жұмыс орны құрылады. Болашақта өндірісті кеңейту мүмкіндігіне қарай жұмыс орны арта түспек. «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС бас директоры Қайрат Найзабековтің айтуынша, жобадағы мемлекеттік инвестициялық компанияның үлесі – 25%.
Көмірді байыту бұл қатардағы көмірді өңдеуден тұратын үрдістердің жиынтығы. Ондағы мақсат – қарапайым түрінен құнды минералдарды бөліп алып, қажетті құрамдардың үлесін арттыру. Байытылған көмір өте жоғары жылу бөлуге қабілетті. Сөйтіп, тоннасына 1,5 есе артық қуат тасымалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көмір байыту үшін сұрыптау және ұнтақтау кешенін тұрғызудың қажеті жоқ. Бұл болса, экологияға шығатын зиянды қалдықтарды азайтады. Жаңа кәсіпорында қайтарымды сумен жабдықтау оны сыртқа шығарып тастамай, сүзгіден соң қайта қолдануға мүмкіндік береді. Қайтарымды судың «жасыл технологиясы» экономикалық және экологиялық зор тиімділігін көретуде. Фабрика құрылтайшылары «қоршаған ортаны қорғау және экологияны сақтау жаңа кәсіпорынның басты міндеттерінің бірі болып табылады» дейді.
Суретті түсірген: Д.КУЗМИЧЕВ.