Головкин-Альварес: ендігі күтеріміз — трилогия!

Танымал «The Ring» журналы өткен жылды қорытындылай келе, Геннадий ГОЛОВКИН мен Сауль АЛЬВАРЕС арасындағы екінші кездесуді «Жыл жекпежегі» деп таныды. Қос былғары қолғап шебері арасындағы екі кездесудің алғашқысында тең нәтиже тіркелсе, екінші жекпежек жерлесіміз үшін жеңіліске айналғаны белгілі. Ендігі ретте, боксқұмар қауымның қызығушылығын тудырған мәселе осы кездесулердің трилогияға айналуы һәм айналмауы…

Топжарғандар

Бокс сарапшыларының пайымдауынша, кәсіпқой бокс тарихындағы ең атақты трилогия Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзер арасындағы кездесулер екен. Әрине, ол жылдары (WBC), (WBA), (IBF), (WBO), (IBO) сынды түрлі тұжырым болған емес. Чемпион да, чемпиондық белбеу де – жалғыз. Бұл туралы Джо Фрейзер «Бір кездері бокс та, оның ережесі де көз сүйсінерлік еді. Тек бір ғана әлем чемпионы болушы еді және спортсүйер қауым чемпиондық белбеу иесінің нағыз, дара әрі расымен үздік екенін білетін. Қазір сол сүйіспеншіліктің ізі де қалмады. Өйткені, чемпиондарды санап болмайсың. Мұндай ережесі бар бокс әлемінде жаңа Фрейзер де, Әли де, Форман да пайда болмайды» деп пікір білдірген еді.

Ал, қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің кәсіпқой бокс әлеміне жолын салып берген – Арқа спортшылары екенін айқындар кез келді. Соның көш басында «Балқаштың барысы» атанған Василий Жиров тұр. Жерлесіміз әуесқой бокста Олимпиада ойындарының (1996 жыл, Атланта, АҚШ) чемпионы атанып қана қоймай, В.Баркер кубогін де иеленген болатын. Ең үздік боксшыға берілетін бұл кубокты Тәуелсіз Қазақстанға алғаш алып келген де, кәсіпқой боксқа бет бұрған тұңғыш отандасымыз да осы – Жиров. Топжарған – Жиров!

Бұл ретте, «Жировқа дейін кәсіпқой бокс әлеміне аяқ басуға отандастарымыздың батылы бармады ма?» деген заңды сұрақ пайда болады. Ниеттілер болмады емес, болды. Тіпті, Кеңес Одағы кезінде Алаш рухын аспандатар азамат бар еді. Ол – Серік Қонақбаев. 1981 жылдың қорытындысы бойынша әуесқой бокстан «Әлемнің ең үздік боксшысы» атанған С.Қонақбаевқа кәсіпқой бокстан «Әлемнің ең үздік былғары қолғап шебері» Шугар Рей Леонардпен қолғап түйістіру туралы ұсыныс жасалады. Жүлде қоры – 1 млн. АҚШ долларын құраса керек. Қосымша, әр спортшыға «Мерседес» маркалы автокөлік ұсынылады. Отандасымыз ойланбастан келісім береді. Алайда, КСРО мемлекеттік спорт комитеті бұл кездесуден үзілді-кесілді бас тартады. Бағынбаған жағдайда, біздің боксшыға ғұмырбақи шетелге шығуға рұқсат етілмейтіні қатаң ескертіледі.

Кәсіпқой бокстағы қастандық

2015 жылы 21 қарашада Лас-Вегаста өткен Мигель Котто мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жектің оң нәтижесі кейінгісінің еншісіне бұйырған соң, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы ретінде «Канело» Геннадий Головкинмен қолғап түйістіруге міндеттелді. Алайда, 2016 жылғы мамырда С.Альварес WBC тұжырымы бойынша әлем чемпиондығынан бас тартып, белбеуін ерікті түрде жерлесімізге табыс еткен болатын. Сөйтіп, әлемнің абсолютті чемпионы атануға қоржынында WBC, WBA (Super), IBF, IBO белбеулері бар Головкин үшін тек британиялық Билли Джо Сондерстің иелігіндегі WBО белбеуі ғана қажет еді. Спортсүйер қауымның аңсары осы белбеуге ауған тұста «Канело» жерлесімізді жекпе-жекке шақырмасы бар ма?

Сөйтіп, орта салмақ боксшыларының кездесуі PPV арқылы ақыры 2017 жылы 16 қыркүйекте АҚШ-тың «Ти-Мобайл аренасында» ұйымдастырылған болатын. PPV – жекпе-жекті ақылы негізде тамашалау мағынасын берсе керек. Осы күні отандастарымыз қандай да бір кәсіпқой бокс кездесуін тамашалай алмай қалса, «QAZSPORT» арнасын жерден алып, жерге салатыны бар. Техникалық ақау орын алса, жатып кеп жер тепкілейміз. Бұл – дұрыс емес. Әлем жұртшылығы ақылы тамашалайтын кездесуді тегін көргіміз келеді. Мұндай жалпақшешейлік Америкада мүлдем жоқ десе болады.

Қош! Сөйтіп, 12 раундқа созылған кездесу соңы дауға ұласты. Қапталдағы төрешілердің бірі Аделаида Берд – 118-110 есебімен жеңімпаз деп Альваресті таныса, екінші төреші Дон Трелла – 114-114 соққы есептеді (Головкиннің үздік 3-раундын тағы сол Альварестің есебіне жазып). Тек, үшінші төреші Дэйв Моретти – 115-113 есебімен жеңімпаз деп Головкинді таныды. Алайда, «CompuBox» сынды соққы есептейтін компьютерлендірілген жүйе Аделаида Бердің «118-110» есебі мүлде қисынсыз екенін алға тартты. Яғни, «CompuBox-тың» соққы санағы жерлесіміздің жеңісін айқындап тұрған 218 де 169-ды тіркепті. Кейінгі соққы саны – Альварестің еншісінде. Солай бола тұрғанымен, кездесу шешімі өзгеріссіз қалды. Сол жылғы Рио де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарындағы отандасымыз Василий Левитке жасалған AIBA-ның (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) арсыздығы іле-шала кәсіпқой бокста қайталанып, жерлесімізді жеңіс жолынан тайдырды. Бұл спорттағы аса үлкен қастандық дер едік.

Өткен жылы 15 қыркүйекте тағы сол «Ти-Мобайл аренасында» қос боксшы екінші мәрте қолғап түйістіргенін білеміз. Бұл жекпе-жек те 12 раудқа созылып, төрешілер 114-114, 115-113, 115-113 есебімен жеңімпаз ретінде Альваресті таныды. Сөйтіп, жерлесіміз кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінің ащы дәмін татып, бар белбеуінен айырылған болатын. Алайда, бұл соққы санағымен келіспеушілер тағы табыла кетті. Мәселен, Америкалық «ESPN» спорт телеарнасы тең нәтиже тіркесе, бұл көзқараспен танымал «Вoxing Scene» порталының сарапшылары да келісті. Алайда, «CBS Sports» арнасы 116:122 соққы санап, жеңіс Головкинде деуде. Сол сияқты, алғашқы жекпе-жекте ақиқатты айтқан «CompuBox» бұл жолы да жерлесіміздің жеңісін қоштап, оның 234 соққысы межесіне жетті десе, Альварестің көрсеткіші небары 202 соққыны құрап отыр. Төрешілер шешімінің ақ-қарасын осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Головкин-Альварес – ІІІ

Сонымен, Головкин-Альварес арасындағы жекпе-жектің трилогиясына да тоқталар кез келді. Бұл ретте, жерлесіміз жуырда ғана «DAZN» компаниясымен келісім-шартқа отырғанын айта кету қажет. Бұған дейін Геннадийге «ESPN» және «Premier Boxing Champions» арналарының келісім-шарты ұсынылған еді. Алайда, Майқұдықтан шыққан оғлан одан бас тартқан. Бұл Головкиннің спорт мансабы әлі де аяқталмайтынын, есесіне жаңа белеске қадам басқанын айғақтаса керек.

Өз кезегінде, «НВО» арнасының комментаторы Рикардо Селис «Канело» мен «GGG» арасындағы үшінші кездесуге әзір болыңыз. Бұл келісім-шарт қос боксшы арасындағы кездесуді трилогияға айналдырады деп сенемін» деп жазады. Яғни, үшінші кездесуге жол ашылды деген сөз. Себебі, Альварес те осы «DAZN-мен» келісім-шартқа отырған болатын. Әрине, трилогияға қатысты алыпқашпа әңгімелер әлеуметтік желілер мен спорт порталдарында көптеп кездеседі. Алайда, қандай да бір нақты шешім әлі де айтылған жоқ.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»