Тұсаукесер

Естеліктен ескерткіш

«Сарыжайлау» кинотеатрында «Мақат, Ораз РЫМЖАНОВТАР» кітабының және Ораз Рымжановтың «Әкеме» деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап елімізге белгілі тұлғалар – әкелі-балалы Рымжановтар туралы жазылған естеліктерден тұрады. Сондай-ақ, кейіпкерлердің өскен ортасы, еңбек еткен ұжымдардағы орны және отансүйгіштік қасиеттері жан-жақты баяндалады.

Шараға облыстың мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосқан Рымбала Омарбекова, Махат Рымжанұлының қарындасы – Дәмелі апай, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Кеңес Жұмабеков және Рымжановтар отбасының жақындары қатысты.

Соғыстан жараланып оралғаннан кейін еліміздің саяси-экономикалық, мәдени жағдайын көтеруде, оны жаңа белеске шығаруда Махат Рымжанұлының еңбегі ұшан-теңіз. Қайтпас қайсарлықтың, ұлтқа адал еңбектің үлгісін көрсеткен Махат ағамыз жайлы келер ұрпақ көбірек білсе, еңбектеріне сүйсіне отырып, өз елінің патриоты болса дейміз, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев.

Махат Рымжанов – еліміздің өнері мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі, белгілі өнер қайраткері, Ұлы Отан соғысының I дәрежелі, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің кавалері, «Құрмет» белгісінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

15 жыл бойы облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ театрын басқарды, ал өмірінің соңғы 10 жылын шығармашылық қызметке арнады, – деп есіне алады кітаптың құрастырушысы Кеңес Жұмабеков Махат Рымжанов жайлы.

Шара соңында Ораз Рымжанов түсірген «Әкеме» фильмінің тұсауы кесілді.

Айта кету керек, Ораз Рымжанов дарынды суретші, деректі киноның жарқын шебері, кинооператор, кинорежиссер, продюсер, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған.

Басқа материалдар

Back to top button