Жаңалықтар

Есімде жүрген естелік (Ақын шығармашылығы жайлы бір үзік сыр)

Қазақтың аса талантты ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты – Абзал Бөкенмен алғашқы таныстығым студент кезден басталды. 1972 жылдың 22 наурыз күні, КарГУ-де студент – жастарға арналған «Балауса» әдеби бірлестігінің кезекті отырысы өтті. Үйірме жетекшісі, ұлағатты ұстаз-ғалым Қаби Лекеров бүгінгі басқосу – студент ақынның шығармашылығына арналатынын айтты. – Абзал ағаларың оқу озаты, өлеңдері облыстық және республикалық газеттерде жарияланып жүрген ақын. Біздің мақтанышымыз! Биыл университетті бітіреді. Енді, оның өлеңдерін тыңдайық! – деп сөз кезегін ақынға берді.

Сурет: автордан алынды

Абзал Бөкен алдымен бірнеше өлеңдерін оқып, соңынан қазіргі поэзия жайлы ойларын ортаға салды. Өлең жазуды мектеп қабырғасынан бастағанын, өзі киелі Ақтоғай өңірінің түлегі екенін айтып, студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Кездесу кеші бір сағатқа созылды. Келесі күні бір топ өлеңі, кезінде өзі атын қойған, күні бүгінге дейін «Балауса» деп аталып жүрген қабырға газетінде жарық көрді. Содан бері 50 жыл өтсе де, оның «Жастық шақ» деп аталатын өлеңінің бір шумағы есімде қалыпты:

Жайдары шақ, күтіп тұр жүлде сені,
Жүлделі іске жұмсайық күнде сені.
Жастық та бір жалын шақ, алау кезді,
Жанбай, бықсып өткізсең, кім кешеді?!
Сол жылы Абзал Бөкеннің респуб­ликалық «Жалын» журналында бір топ өлеңдері мен суреті жарық көрді. Ол кезде мұндай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейтін. Уақыт өте келе ақын ағамыз тамаша талантымен танылып, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасты.

1975 жылдың 5 желтоқсан күні Алматы қаласында жас ақын-жазушылардың республикалық ІІІ Кеңесі өтті. Осынау алқалы жиынға Қарағанды облысынан Тортай Сәдуақасов, Абзал Бөкенов, Тілеу­ғазы Бейсембеков және осы жолдардың авторы делегат ретінде қатысты. Үш күнге созылған басқосуда бірнеше секцияларға бөлініп, небір азулы ақындардың алдында өлеңдерімізді оқып, ақыл-кеңес­терін естідік. Соңғы күнгі жалпы жиында қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлі: – Менің тобыма болашағы зор, талантты жастар жиналыпты. Олар: Жәркен Бөдешев, Абзал Бөкенов, Жұматай Жақып­баев. Ертең-ақ біздің қатарымызды осылар басады. Әсіресе, Абзалдың талпынысы мен ақындық ізденісі ерекше қуантып отыр! Ол өмір мен табиғат үйлесімін өлең жолдарына әдемі өрнектей біліпті:

Күз келген-ау, ызғар тартып әр түнің,
Жас қайыңның суық сорды балтырын.
Күз келген-ау, тоңған терек бүрсеңдеп,
Кеткен жаздың шуағына тұр шөлдеп,–дегенде залда отырғандар ұзақ қол шапалақтады. Арда ақынның ақ тілегін естіген Абзал ағамыз алқалы жиыннан Ақтоғайына арқаланып, шабыттанып қайтты.

Көп кешікпей ақынның «Бастау» – деп аталатын тұңғыш жинағы көпшіліктің қолына тиді. Оқырмандардан оң бағасын алған бұл кітап жайлы, кезінде филология ғылымдарының докторы, сыншы Серік Негимов былай деді: «Өнер биігіне құлаш сермеген балауса ақын Абзал Бөкенов жырлары әдемі, өрнекті тілімен, жарқын бояуларымен, образды ойымен өзгешеленеді». («Лениншіл жас», 15 апрель 1980 ж.)

Мұқағали Мақатаев айтқандай: «Поэзия дегеніміз – өмір, оқиға, күрес, сезім». Осы қасиеттерді дұрыс түсіне білген ақынның бір шоғыр өлеңдерін – «Жалғыз желкен» деп аталатын екінші кітабынан оқыдық. Автор табиғат лирикаларына да бір қыдыру қалам тартыпты. Жалпы аталмыш жыр жинақ жайлы қарымды журналист Р.Сергеков, «Орталық Қазақстан» газетінің 1987 жылғы 14 июнь күнгі санында былай деп жазды: «Ал, «Жалғыз желкенде» Абзалдың үні толыса, тораптана бастаған. Ол тақырып аясын әлдеқайда кеңейткен, әлеумет жайлы, өмір жайлы толғану босағасын аттаған. Азаматтық пафосқа бөленген шумақтары тамырын тереңге жайып, құнарлана түскен».

Иә, кезінде Лев Толстой: «Өлең мазмұнын айту обал, оны тек қана оқу керек» – деген еді. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, талантты ақын Абзал Бөкен «Өлең өнері – сөзбен құлпыратынын» (Әл – Фараби) әсте ұмытқан емес. Оның қай кітабын оқысаңыз да, жүрегінен шыққан жыр-шумақтары оқырманның рухани жандүниесін ерекше күйге бөлейді. Біз бүгін ағамыздың тек алғашқы жылдардағы шығармашылығы жайлы сөз еттік.Той құтты болсын, арқаның Абыз ақыны!

Әли ТОЙЖІГІТОВ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button