Руханият

Қарлығаш хаттардан

Сурет: ақынның жеке мұрағатынан

Жүрсін Ерман, 

… Абзалдың тынысын танытып, на­қышын айғақтайтын қолтаңбасын оқырман аңғару үшін осы «Тәж» деген кітапты толық көшіріп беруім керек. Өйткені, осындағы толғаулар, балладалар, поэмалардың әрқайсысы бір-бір жарау кітаптың жүгін арқалап тұрғаны күмәнсіз. Бұған дейін «Ғасыр қанатында», «Сүмбіле», «Салбуырын», «Төр», «Шың» секілді үлкен-кішілі кітаптары арқылы өлең өлкесіне бойлай еніп, өнерін орнықтырған А. Бөкен осы «Тәж» арқылы бүкіл ақындық болмысын танытып, бауырын жазған. Құлашын кеңге сілтеген. Ойлар да күрделі, шеберлік те шыңдаулы.

* * *

Серік Негимов,    

 … Өнер биігіне құлаш сермеген балауса ақын Абзал Бөкенов жырлары бірсыдырғы айқын, өрнекті тілімен, жарқын бояуларымен, образды ойымен өзгешеленеді:

Күн-мейірім жайлап алып көгімді,
Күміс кірпік төгілді-ай кеп, төгілді.
Сол-ақ екен іріп кетіп ақ көрпе,
Тігісінен бой-бой болып сөгілді.
(«Көктем келбеті»)

Күн жылуының күміс кірпіктер ар­қылы таралуында, қарлы дала – ақ көрпенің іріп кетуінде образды мағына, өзінше өрнектеп бейнелеу бар.

Ойлар, ойлар…
Осы әлемді ой басқан
Сеземін мен, кеземін мен тоймастан.
Асфальт жолды ойландырып бір тал шөп,

Бұзып-жарып келе жатыр қоймастан, – деген шумақтағы ақынның шынайы тілегі – ақыл-ой дүниесін армансыз аралау, құмарын қандыру, қызығына кенелу. Бұл ойын тасты жарып шыққан бір тал шөппен, әрі қарай осы өлеңде дауылға мізбақпайтын, қасарысқан қайсар өр еменді жеңер ыңғайы бар өрімталмен ассоциациялық тұрғыда байланыстыруы дәлелді, тартымды шыққан.

(«Лениншіл жас», 15 апрель,1980 жыл)

* * *

ПӘТЕРСІЗ ЖАС АҚЫНҒА
(Абзал Бөкеннің қойын дәптеріне)

Бұлттанып, буырқанып күн кешесің,
Шайқай да бермесеңші мұң кесесін.
Қу тірлік қимай жүрсе құжырасын,
Саған да қияды әлі бір көшесін.

Қазақтың шарлай-шарлай қыр, даласын,
Теңіздей сапырасың мұң-наласын.
Тіркемей жүрсе әзірге астанаға,
Атыңа қояды әлі бір қаласын.

Мұзафар Әлімбай.
(«Қазақ елі» газеті, 13.05.1996.)

* * *

Ақселеу Сейдімбеков:

 … Бұл хатты жазуыма бір қуанышты жағдай себеп болып отыр.

Сүйінші! Ат бәйгеден келді. Жетексіз, айдаусыз, айқай-сүреңсіз тың көсіліп еркін жетті. Ол – сенің поэмаң. Бірінші орын ешкімге берілмеді. Екінші орынды Дәуітәлі Стамбеков еншіледі. Үшінші орынды сен алдың. Сенің қанжығаңа бөктерілер бәйге 400 сом. …Бауырым, қолыңды қысамын. Өнер бәйгесінде жұлдызың оңынан туа берсін.

Тоқырауын бойы әруақ қонған жер ғой, қос ұлы құйрық тістесіп аламан бәйгесінен келгенде, еріксіз қуанады екенсің.

(30.11.77 ж.)

* * *

Жүсіп Қыдыров:

Абзал, «Саумал» атты жинағыңды оқып шыққам. Өлең жасай алатындығың емес, жаза алатындығың ұнады. Қазір бізде өлең жасағыштар көбірек екенін ескерсек, сенің бойыңдағы табиғи қасиет қуантады. Тек, құлашты кеңірек жазып, тереңірек тыныс­тау керек. Солай болады ғой деп сенем де.

… Редакция меңгерушісі – белгілі ақын Әнуарбек Дүйсенбиев. Мен ол кісіге сенің қолжазбаң жайлы пікірімді айттым. … 1979 жылға енерсің деген үміттемін. Оған дейін Әнекеңмен хабарлас.

(14.12.77 ж.)

* * *

Әнуарбек Дүйсенбиев:

Қадірлі Абзал, жинағыңды оқып шығып «Тұңғыш» сериясына дайындап қойдым. Өлеңдерің өте ұнады. Сен өз бетің, өз бағыт-бағдарың қалыптасып қалған ақынсың. Енді «Алла алдыңнан жарылқасын» дейміз. Мен таңдап, талғап алдым. Алғашқы кітабы жарқ етіп жақсы шығуы – автор үшін басты шарт. Сол кітап, сол жақсы лебіз көпке дейін жетелейді. Өзіңе де шабыт, қуат беріп отырады. Мен сол жағын көздедім…

 (1978)

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button