Бас тақырып

Ерлікке құрмет – елдікке міндет

Cұрапыл соғыс жылдарында қарағандылықтар қан майданның алғы шебінде жүрді. Орталық Қазақстаннан 45 мыңға жуық адам әскерге алынса, олардың 18 мыңнан астамы соғыс даласында шейіт болған. Соғыстан қайтқан сарбаздар еңбекке етене араласып, тұралап қалған шаруашылықты өркендету жолында еңбек етті. Жалындаған жастық шақтары қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келген ардагерлерімізге қандай сый көрсетілсе де артық емес. Ортамызда аман-есен жүрген ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы.


Кеңестер одағына баса-көктеп кірген фашистік Германияның соғыс жоспарында Қазақстанға ерекше мән берілген. Олар бұл территорияны славян халықтарынан тазарту және түрік-моңғол халықтарын жойып жіберуді көздеді. Сондай-ақ, Германия игілігіне қызмет ететін Қарағанды индустриалды облысын құруды жоспарлаған. Осылайша, Са-ыарқаның иен байлығы фашизмнің өрістеуі жолында қызмет етуі тиіс-ті. Әйтсе де, дұшпанның ойлағаны болмады. Еуропаның сән-салтанаты келіскен шаһарларын әп-сәтте басып алуға үйренген фашистер кері шегініп, жеңіліс табуға мәжбүр болды. Бұл – сарбаздар ерлігі мен тылдағы әйелдер мен балалардың ерен еңбегінің нәтижесі.
– Кейінгі уақытта Жеңіс күніне қатысты кереғар пікірлер белең алып бара жатқаны байқалады. Екінші дүниежүзілік соғыс орыс пен немістің қақтығысы емес, зұлымдық пен ізгіліктің текетіресі еді. Фашизмге қарсы күреске орыспен қатар неміс те, қазақ та, тіпті, сонау мұхит сыртындағы американдық та қатысты. Жеңіс – бәрімізге ортақ. Майдангерлер от пен оқтың ортасында жүріп, бейбіт өмірдің орнауына, әлемді қара түнектің басуына қарсы күресті. Оларды ардақтау, өмірлерін үлгі ету қажет. Ардагерлеріміз соғыстан кейінгі бейбіт өмірде ел ісіне араласып, адал еңбектің үлгісін көрсете білді. Зейнетке шыққан соң да қарап қалмай, ұрпақ тәрбиесіне атсалы- сып келеді. Жастарды патриотизмге, елін-жерін сүюге тәрбиелеуде ардагерлердің үлесі зор. Қарттық жеңсе де, олар жастармен өтетін кездесулерге қатысып, шама-шарықтары жеткенше белсенді болуға тырысуда, – дейді Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин.
Сәуір айының орта шенінде «Nur Otan» партиясының бастамасымен аймағымызда «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы басталды. Белсенді азаматтар аудандар мен қалалардағы Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, ардагерлерге қойылған ескерткіштер, тақталар, мемориалдар аумағын күл-қоқыстан тазартып, аббаттандыру шарасын жүргізді. Белсенді жастар ардагерлердің үйіне барып, оларға көмек көрсетіп, ақ баталарын алды.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагерлерге бір реттік қаржылай көмек көрсетіледі. Қазіргі аймағымызда 95 соғыс ардагері және 21 соғыс мүгедегі тұрады. Сонымен қа тар, 10415 тыл еңбеккерлері бар. Мерекеге орай, бір реттік көмек ретінде соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 300 мың теңге, ал, тыл еңбеккерлеріне 20 мың теңге беріледі. Қарағанды қаласында 43 ардагер тұрады. Қалалық бюджеттен ардагерлерді ұлықтау шарасына 127 млн.теңге бөлінген.
9 мамыр мерекесіне орай облыс аумағындағы аудандар мен қалаларда мерекелік концерттер және кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қайырымдылық акциялары өтеді деп жоспарлануда.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button