Ақтоғай

Ерлік – елге мұра

Ұлы Отан соғысы – қаншама ошақты ойрандаған, талай боздақтың сүйегін жат жерде қалдырған, талай ананың батысқа қаратып көздерін талдырған, талай баланы жаудаңдатып жетім қалдырған қанды қырғын. 1931-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылғы сталиндік репрессиядан кейін енді ғана есін жиып келе жатқан қазақ халқы үшін бұл өте ауыр кезең еді. Бірақ, жауға басын имейтін, өзі ешкімге  тимейтін, ал тиіскенді терідейін илейтін намысшыл қазақтың ер азаматтары Отанын қорғауға аттанды. Біздің алақандай ауылдың өзінен 71 адам аттанып, оның 30-ына туған жер топырағы бұйырмады. Қан майдандағы ажал арасынан аман келгендердің бірі – атам Сейдіғали Омарбеков.

Атам 1919 жылы бұрынғы Қоңырат ауданы, Өндіріс колхозында туған. 1935 жылы әкесі қайтыс болып, сол уақытқа дейін алған 7 кластық білімімен еңбекке араласады. 1939 жылы әскер қатарына алынып, екі жыл міндетін өтегеннен кейін қайтайын деп отырған шағында соғыс басталып, майданға аттанады. 1941 жылдың маусымынан 1942 жылдың тамызына дейін 130-атқыштар полкінде болып, Калинин майданындағы ұрыстарға қатысқан. Сол жылы жарақат алып, Уфа қаласында госпитальде жатады. 1943 жылдан бастап еңбек батальонында болып, елге жеңіспен оралады. «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Соғыстан кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығын көтеру үшін бірден еңбек майданына араласты. Әуелі еңбекті туған жерінде бастап, кейін ауданға қарасты Үшөзек, Қуаныш, Қаратал колхоз-совхоздарында ферма меңгеруші болды. Бейбіт өмірдегі еңбегі «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланды.

30 жыл бойы ферма басқарып, ат үстінен түспеген атамның есімі – мен үшін мақтаныш, ғибратты әңгімелері адамгершіліктің бағдары. Халқына қадірлі атамның туғанына биыл – 100 жыл. Ардақты апам Аққайша Омарбековамен бірге он бала тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Ұрпағы туған ауылы Қуанышта ат шаптырып, ас бермекші. Дүниеден өткен әке-шеше үшін артында қалған ұрпағының еткен дұғасы үзілмейтін сауап екен. Осынау қасиетті айда Жаратушы тілек пен ниетті қабыл етсін!

Гауһар СЕЙДІҒАЛИ,

ҚарМУ-дың ІІІ курс студенті.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button