Еркін Қиноятұлы Көбеев
Университет басшылығы мен ұжымы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың бұрынғы ректоры (2004-2019) Еркін Қиноятұлы Көбеевтің (31.03.1959-05.02.2025) мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтады.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басшылығы мен ұжымы белгілі заңгер-ғалым, дарынды ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қиноятұлы Көбеевтің мезгілсіз қайтыс болғанын қайғыра хабарлайды.
Еркін Қиноятұлы 1959 жылы 31 наурызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1976 жылы №2 орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1981 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітіреді. Сол кездің өзінде ғылымға ерекше қызығушылық танытқан жас маманды университетке оқытушылық қызметке шақырады.
Оның ғылыми және кәсіби қызметі ғылыммен тығыз байланысты. 1981 жылы ҚарМУ мемлекеттік құқық және кеңестік құрылыс кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. 1986 жылы «Конституциялық құқық» мамандығы бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, «Саяси жүйенің функциялары» (конституциялық аспект) тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғайды. 1990 жылдың ақпанында заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. Диссертациялық зерттеуінде Е.Қ.Көбеев КСРО-ның мемлекеттік және қоғамдық институттарын қайта құру және реформалау жағдайындағы саяси жүйені алғашқылардың бірі болып көрсетті.
1989 жылы диссертациясын қорғағаннан кейін Е.Қ.Көбеев ҚарМУ-да мемлекеттік құқық және кеңестік құрылыс кафедрасының доценті болып жұмыс істеді, 1991 жылы мемлекеттік және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі болды.
Кафедра меңгерушісі ретінде құқықтық білімнің дамуына зор үлес қосты, оқу бағдарламаларын жаңартуға мұрындық болды және факультеттің кадрлық әлеуетін нығайтуға атсалысты. 1994-1996 жылдары Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.
Ауқымды көлемдегі оқу және ұйымдастыру жұмыстарын атқара жүріп, Еркін Қиноятұлы одан әрі кәсіби өсуді де естен шығарған жоқ. Осы кезеңде факультет нарықтық экономиканың қалыптасуымен ғана емес, сонымен қатар жоғары білікті кадрлардың – ғылым докторлары мен кандидаттарының кетуімен байланысты қиын күндерді бастан өткерді. Заң факультетінің әлеуетін нығайту қажеттігін түсінген Еркін Қиноятұлы алғашқылардың бірі болып докторантураға түсті.
1996 жылы «Конституциялық құқық» мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік заң академиясының докторантурасына түсіп, 1998 жылдың қараша айында «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Е.Қ.Көбеевтің ғылыми заңгер ретінде қалыптасуында оның ғылыми жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым академиясының академигі, Мәскеу мемлекеттік заң академиясының ректоры О.Е.Кутафин ерекше рөл атқарды.
1999-2000 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы, 2000 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. 2004-2019 жылдар аралығында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды.
Е.Қ.Көбеев 300-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде монографиялардың авторы, Жоғары мектеп Халықаралық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті президиумының мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының вице-президенті болды.
Ғылым мен білім берудегі ерекше жетістіктері үшін көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды, оның ішінде:
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы (2005 ж.);
«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2004 ж.);
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалі (2005 ж.);
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісі (2006 ж.);
«10 жыл Астана» мерейтойлық медалі (2008 ж.);
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерейтойлық медалі (2011 ж.);
«Құрмет» ордені (2011 ж.) марапатталған.
2006 жылы Еркін Қиноятұлы Қазақстан Республикасының құқық саласы бойынша «Жыл профессоры» болып танылды.
Еркін Қиноятұлы Көбеев саналы ғұмырын ғылым мен білімнің дамуына арнаған ғалым, педагог, басшы ретінде әріптестерінің, студенттері мен шәкірттерінің жадында мәңгі сақталады.
Туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Иманды болсын.