Ереже сақтау ерлікпен тең
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облысымыздың барлық қала және аудандарында «Қауіпсіз жаз-2024» акциясы өтті. Шара барысында түрлі спорттық және эстафеталық ойындар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкіл-дері ата-аналар мен балаларды демалыс уақытында жолда жүру, су айдындарында, өрт жағдайла-рындағы жүріс-тұрысының нормалары мен ережелерімен таныстырды.
Акция аясында №2 оқушылар сарайында республикалық «Ән шуақ» фестивалі мен «Қауіпсіз жаз» жобасының салтанатты ашылуы өтті. Мерекелік шара дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтармен бірге адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге бағытталған. Кішкентай көрермендер үшін түрлі ойын-сауық және танымдық бағдарламалар өткізілді. Сахнада Қасым Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілері, Тәттімбет өнер колледжінің студенттері өнер көрсетті. Сонымен қатар, оқушылар сарайының өнерпаздары Надежда Еживскаяның «Осторожно, пожар!» ертегісі негізіндегі қойылымды көпшілік назарына ұсынды.
Облыстың төтенше жағдай департаментінің өкілдері балаларға қауіпсіздік мәдениеті жайлы сабақтар жүргізіп, алғашқы көмек көрсету үшін қолданылатын әдіс-тәсілдерді үйретті. Өрт жағдайларындағы, газ тұтыну, суға шомылу кездеріндегі қарапайым ережелерге тоқталды.
– Қауіпсіздік мәдениеті – біздің өміріміз бен денсаулығымызды сақтауға, сондай-ақ, басқаларды қауіптен қорғауға көмектесетін ойлау мен мінез-құлық тәсілі. Жыл сайын көктемгі, жазғы маусымның басталуымен түрлі апаттық жағдайлар тіркеледі. Бұндай жағдайлардың басым көпшілігі ересектердің балаларды бақылаусыз қалдыруының салдарынан. Жыл сайын балалардың терезелерден құлауының 20-25 жағдайы орын алады. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында департамент әр уақытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, адамдар қарапайым ережелерді біліп, оны сақтаулары аса маңызды, – деді төтенше жағдай департаменті басшысының міндетін атқарушы полковник Аманбек Алтынбекұлы.
Оңтүстік-Шығыс жергілікті полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы, аға лейтенант Перизат Әбішева мен Нұрбибі Иманбекова кәмелет жасына толмаған балалардың құқық бұзушылықтарының алдын алу туралы баяндады.
– Күнделікті өмірде балалардың талаптарды сақтамауы салдарынан қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылықтар тіркеліп жатады. Бұндай оқиғалар орын алса, алдымен ата-анаға немесе заңды өкілдеріне ескерту хаттамасы жіберіледі. Құқық бұзушылық тыйылмаған жағдайда айыппұл төлеуге міндеттеледі, – деп ескертті полиция лейтенанты.
Жазғы демалыс кезінде қоғамдық орындарда тамақтану ережелерін де білу аса маңызды. Осыған орай Қазыбек би атындағы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлнар Әлішева балаларға сақтық шаралары туралы және азықтүлік таңдаудағы талаптар туралы айтты.
Мерекелік кешті түрлі өнер мектептерінің талантты балдырғандарының ән шашуы қорытындылады.
Дильяра АБИШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
журналистика бөлімінің ІІІ курс студенті