Медицина

Ерекше балаға – ерекше көмек

Облыстық стоматологиялық емхана – наркоз арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың тісін емдей алатын республикадағы жалғыз мекеме. Ол үшін арнайы кабинет те жабдықталған. Білікті мамандар командасы жасақталған. Емхана директорының орынбасары Елена Намның айтуынша, осындай тағы бір команда жасақтау қажеттігі артқан. Оған себеп тісін емдеуді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалардың көптігі. Қазірдің өзінде 150-ден астам бала кезекте тұр екен. Ал, мамандар күніне бір баланы ғана қарап үлгереді.

Дені сау баланы стоматологқа апарып, тісін емдету қиын болмаса да, психоневрологиялық ауытқулары бар балалардың ата-аналары үшін оңай емес. Бірі дәрігердің айтқанын түсінбеуі мүмкін, енді бірі аузын ашып тұра алмауы мүмкін. Сондықтан, ерекше балаларға стоматологиялық көмек тек наркозбен жасалады. Бұл көмекті тіркелген емханалары көрсете алмайды. Жекеменшік клиникалардың бағасы қымбат. Ал, мұнда ерекше балаларға көмек тегін. Медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырады.

– Бізге Қазақстанның басқа өңірлерінен көп хабарласады. Бірақ, біз оларды ала алмаймыз. Себебі, қаржыландыру сақтандыру қорының облыстық филиалынан бөлінеді. Биыл сақтандырудағы өзгерістер клиника бойынша тікелей шарттар жасай алады. Қаржыландыру артты, яғни, балаларды көбірек қабылдай аламыз. Наркозбен емдеу күн сайын жүргізіледі. Бір процедураға 5-6 сағат кетеді, – дейді Елена Нам.

Оның айтуынша, ерекше балаларды емдеу жүйелі жолға қойылған. Әуелі облыстық стоматологиялық емхананың терапевт дәрігері Перизат Ахметова бала тапсыруы тиіс барлық талдамаларды береді. Талдамалар тұрғылықты емханада жасалады. Дайын болған қорытындылары WhatsApp-пен жібере салса, мұндағы анестезиолог Алексей Ягубкин егжей-тегжейлі қарап шығады. – Талдамалардың стандарты бар. Әдеттегі талдамалармен қатар, міндетті түрде ЭКГ керек, сонымен бірге, терапевтің дәл осы сәтте баланың дені сау деген анықтамасы қажет. Кейде невропатологтың анықтамасы қажет болады.

Талдама дұрыс болмаса, гематологқа, жүрек мәселелері бойынша кардиологқа барып, ем қабылдап, жазылып келуді кеңес етеміз. Одан кейін қайта келеді. Кейде ата-аналар жауапкершілікті өзіне алатындығы туралы қағаз жазып берейік дейді. Мұның ешқандай заңдық негізі жоқ. Біз оған келіспейміз, – дейді Алексей Сергеевич.

Наркоздың көлемі жасалатын ем шараға байланысты. Қазір қолданыста севоран препараты. Дәрігер оны наркоз үшін ең жақсысы деп айтты.

– Наркоз әдетте үш сағаттан бес сағатқа дейін созылады. Анестезиолог ретінде операцияның басынан соңына дейін боламын. Кез келген стоматологиялық клиникада қолданылатын шаралар мұнда да қолданылады. Бірақ, біздің жауапкершілігіміз екі еселенеді, – дейді ол.

Бүгінде білікті команда күніне бір баланы, кейде екеуін қабылдайды. Жыл басынан бері олар 40-тан астам баланың тісін емдеп шыққан. Кезекте әлі 150 бала тұр. Елена Кирилловна осынау еңбектің құны 21 мың теңге екенін айтты.

– Медициналық сақтандыру қорынан біздің наркозбен жасаған әр процедурамыз үшін 21 мың теңге төленеді. Бекітілген тарификатор сондай. Шынын айтқанда бұл әділетсіз, – дейді дәрігер.

Директордың орынбасары тағы біраз мәселелерді жіпке тізді. Мәселен, көпбалалы аналар үшін стоматологиялық қызмет ақылы екенін айтты.

– «Халықтың шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек алуға жататын жекелеген санаттарының тізбесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің 106 бұйрығында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген аналар ғана шұғыл стоматологиялық қызмет алушылар қатарына жатады. Бізге аналар жиі келеді. Көпбалалы екенін растайтын кітапшасын да көрсетеді. Алайда, біз оларды қабылдай алмаймыз. Бұл біз шығарған дүние емес. Осы мәселеде келіспеушіліктер жиі туындайды. Сол сияқты, жасы бойынша зейнетке шыққан адамдарды ғана қабылдаймыз, – дейді ол.

Сондай-ақ, бұл жер үш жылдан бері облыстық стоматологиялық емхана екенін де, мұнда тек стоматологиялық қызмет көрсетілетіндігін де жеткізді. Жақ-бетсүйек хирургтары мұнда жоқ.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button