Жаңалықтар

Ер Мартбек

Биыл Кеңес Одағының батыры, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалінің иегері, гвардия сержанты Мартбек МАМЫРАЕВТЫҢ туғанына 110 жыл толып отыр. Қайталанбас тұлғаның есімі тарихта алтын әріппен жазылды.
Қолымыздағы дерекке сүйенсек, батыр 1908 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Бірінші май савхозында дүние есігін ашқан. Ол ес білмей тұрып, анасынан айрылады да, ана құшағының, ана мейірімінің қандай болатынын білмей өседі. Ал, әкесі Мамырай маңдай терін сатып күн көрген адам екен. Бала Мартбек жастайында көп оқи алмаған. Әліпбиді молдадан танып, кейін ауыл ұстаздарынан сабақ алады. 1924 жылы Қарқаралыдағы Абай атындағы педучилищеге түсіп, екі курсын бітіргеннен кейін, жоқшылықтың салдарынан училищені тастап кетуге мәжбүр болады. Бұдан соң Қарқаралыдағы ет дайындау одағына жұмысқа кіріп, малшылар өмірін бастан кешіреді. Қоянды жәрмеңкесіне әкелінген малды бағып, күн көреді. Мал айдап Семей, Қызылжар барады. Бұл жылдар Мартбек ағаның оң мен солын танып, ақ, қараны айыра бастаған жылдары екен.
1930 жылы мал баққан ауыл баласы Қарағандыға келеді. Ол кезде қала емес, ағылшындардан калған екі-үш қана барағы бар ауыл еді. Мартбек аға қолына қайла ұстап, шахтаға түседі. Осылай ол жұмысшылар өмірін бастайды. Бұл кезде Қарағанды байлығының қайнар көзі жаңадан ғана ашыла бастаған шақ болатын. Тұрмыс деген ауыр. Жұмысшылар дерлік жертөледе тұрады. Киерге киім, ішерге тамақ жетіспейді. Мартбек аға әуелі киіз үйде тұрып, жер баракты кейін қазып алады. Ол келген беттен Сәкен ақсақалдың бригадасына қабылданады. Бригада шахтерлерінің арасында ең жас Қадірхан екеуі ғана болады.
Кейін Социалистік Еңбек Ері Сәкен Шоманов атай ол күндері ауыр еңбекті әңгімелегенде, «… Екеуі де қалдері келгенше намысқа тырысып бағады… Кейін төселе келе, екеуі де: Қадірхан да, Мартбек те тепсе темір үзетін, топтың алдын бермейтін шахтерлер болып алды»,–деп еске алады.
Мартбек аға осылай еңбектің ең ауыр белестерінен шыңдалып, шынығып өскен. Шахтада жүріп техника тілін меңгерген. Электромонтер болып істеген. Қоғамдық жұмыстарға, кәсіподақ жұмысына араласып, 1938 жылы партия қатарына қабылданады.
1942 жыл. Соғыстың түтеп тұрған кезі. Майданда да, тылда да қауырт шақ. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұран көтерген шахтерлер күні-түні бірдей еңбек етеді. Жұмыс қолы жетіспейді. Майданға кеткен шахтерлердің орнын қыз-келіншектер басады. Құлжанова, Әділова, Темірбековалар қолына қайла ұстап, жер астына түседі. Осыдан соң бұл бастама кеңінен етек ала бастаған екен.
Бұл кездері Мартбек аға №3 шахтада партия ұйымының хатшысы еді. Қанша сұранса да, оны майданға жібермеді. Бірде «Майданға кетуім керек деп түйеді» ойын. Ол кезде Қарағандыдағы эвакуациямен көшіп келген Днепропетровск тау-кен институтында кешкі курста оқып жүрген кезі.
Майданға алынғандар тиелген эшелонның сағат бір жарымда қозғалатынын әскери комиссариатқа телефон соғып алдын ала білген еді. Қалайда сол эшелонға үлгеру керек. Өзіне қайланы ұстауды үйреткен Сәкен ағасының үйіне келеді. Қоштасып шығады.
«… 1944 жыл, ақпан айы. Брянск қаласы. Күн көзі жарқырап, нұрын еркін сеуіп тұрғанымен, терістіктен соққан жел бет қариды. Мартбектің Минск түбінде жараланған сол жақ иығы әлі жөнді икемге келмейді. Мұнда ол – запастағы полктің взвод командирі. …Дмитров қаласы үшін қиян-кескі соғыс. Қаланы азат еткенімен біздің әскердің соңынан жуық арада қосымша күш келе қоймады. Бекіністі оңай қолдан беріп алған жау күш жинап келіп, қайта-қайта қарсы шабуылға көтерілген. Соғыстың екінші күні рота командирі ауыр жараланады.
– Аға сержант Мамыраев! Команданы өз қолыңызға алыңыз,– деді әлсіз дауыспен көз жұмар алдында. Осының бәрі өткен күн бүгінгідей есімде», – деген екен Мартбек ағаның Сұлтан Қалиевтың «Естен кетпес ерлік беттерінен» атты радиоочеркіне берген сұхбатында. Ол кезде батыр аға Қарағанды қаласындағы ҚазақССР Ғылым Академиясының түсті қара металл химия институты директорының орынбасары болып қызмет жасаған кезі.
Кеудесіндегі жауынгерлік Қызыл Ту ордені сол соғыста көрсеткен ерлігінің куәсі екен.
«… – Жолдас аға сержант, сізге хат!– желке тұсынан бір дауыс.
Мартбек үш бұрышты хатты ұстаған күйі сілейіп тұрып қалды. Хаттың сыртына адрестен соң «Совет Одағының Батыры Мартбек Мамыраевқа,– деп жазылыпты. Хат ауылдан інісі Әсембайдан екен. Хатты ашу ойына да келмепті.
– Жолдас комбат, мынадай хат алдым ауылдан. Түсінсем бұйырмасын.
Ол хатты ұсына берді де, қалт тұрып қалды. Хатты комбат асығыс ашып, дауыстап оқыды. «Мартбек аға! Сізді жоғары наградаңызбен, Совет Одағының Батыры атағыңызбен құттықтаймын. Ауыл той ғып жатыр. Барлығымыз қуаныштамыз. Мәртебеңіз өсе берсін …»
Мартбек ағаның сол кезде жүрегі тап шабуыл алдындағыдай ерекше соққан екен. Көз алдына рота командирі лейтанант Волков келіпті.
«– Жарайсың, Мартбек. Сені үлкен наградаға ұсындық,– деген еді Днепрден өтердегі ауыр шайқастан соң. Ой, адам айтса нанғысыз сұрапыл шайқас болды-ау сол жолы. Бұл 1943 жылы сентябрьдің аяқ шенінде болған оқиға еді.»
Мартбек аға Ұлы Жеңісті шахтада қарсы алыпты.
«…– Батырлар батырлық, атақ, даңқ туралы ойламайды. Батырлық, даңқ, құрмет туралы ойлаған кісі батыр болмайды, даңғой болады. Өз Отанына шексіз беріліп, соның жолында мерт болуға әзір тұрудың өзі батырлық, ерлік. Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік кісіні батыр болуға мәжбүрлейді», – деген екен Батыр ағамыз.

Ардақ ӘБДЕШОВА,
облыстық архив архивисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button