Ресми

Энергия тапшылығы жойылады

Сарандағы бұрынғы Резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын зауыт аумағында қазір Saran индустриалдық аймағы құрылғаны мәлім. Онда өнеркәсіптік кластер белсенді дамып келеді. Қарағандыны үнемі жаңа автобустармен қамтамасыз ететін «QazTehna» зауытынан өзге, жақын арада тағы бір өндіріс ошағы пайда болмақ. Таяу арада тұрмыстық техника шығаратын өндіріс есігін айқара ашады. Электр энергиясын тұрақты өндіруді қажет ететін басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Сол шина зауытын айтсақ та болар. «Қарағанды Жарық» компаниясының өкілдері автобус шығаратын зауытты электр қуатымен қамтамасыз ететін «РТБ» аумағындағы қосалқы станциясын жаңғырту барысын пысықтады. Бұл орайда «Қарағанды Жарық» компаниясы Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті өкілдері, мәслихат депутаттары мен тілшілер қатысқан баспасөз турын өткізді.

Компания мамандары зауыттың қосалқы станциясын қайта құру барысы хақында баяндады. Әдеттегі 0,4 кВ-тық әуе желілерін қазіргі заманғы электр беру әуе желілеріне ауыстыру науқаны қызу жүруде. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы трансформаторлық қосалқы станция бүгінгі заман талабына сай келмейді. Сондықтан, жабдық тұтасымен жаңаланды. Мұндай трансформаторлық қосалқы станция облыстық клиникалық аурухананың маңында, әрі Қарағандының өзге аудандарында, Шахтинск қаласы мен Дубовка кентінде орнатылған.

Қосалқы станция резеңке бұйымдар зауытын электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған. 90-шы жылдары зауыт жабылғаннан кейін станция жұмысын жалғастырды. Бірақ қарқыны едәуір бәсеңдеген. «QazTehna» автобус зауыты сияқты заманауи кәсіпорындар жұмысын бастап, мұндағы өнеркәсіп қайта жандана бастаған кезде, энергия тапшылығы айқынырақ сезілді. Сондықтан, соңғы үш жыл ішінде «Қарағанды Жарық» компаниясы қосалқы станцияны қайта жөндеуден өткізді.

«Қарағанды Жарық» компаниясының бас директоры Дидар Ахмадин мен техникалық директор Константин Конради аталған станцияны жаңғырту барысы туралы толығырақ айтып берді.

– Кешен толығымен қайта жаңартылды. Қазіргі уақытта коммутациялық аппараттарды заманауи құрылғыларға толық ауыстыра отырып, осы станцияны қуаттайтын 110 кВ-тық әуе желісіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Тіректерді ауқымды жөндеу, найзағайдан қорғайтын, сымдар мен сызықтық аспалы арматураны ауыстыру жүріп жатыр. Тапсыру мерзімі – осы жылдың қазан айы. Жалпы құны – 1 миллиард 678 миллион. 40 Мва трансформаторлары өзгеріссіз қалды. Қазіргі уақытта олар осы қосалқы станцияны электрмен жабдықтау үшін сұралған қуат талаптарын қанағаттандырады, сондықтан ауыстыру қажет емес, – дейді Константин Конради.

Қарағанды Жарық

Дидар Ахмадин бұл жұмыс «РТБ» ауданының өнеркәсіптік кешенін электрмен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін жақсарту үшін жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Одан әрі «ЗРУ-6» атты электр тарататын кешен таныстырылды. Нысанға тұтасымен жаңа жабдық сатып алынған. Сарапшылардың қарапайым мысалынша, бұрын бұл жерде «Жигули» деңгейіндегі жабдық қолданылған болса, енді қосалқы станция «Lexus»-қа көшіпті.

– Жабдық 6 кВ кернеу класы бойынша электр энергиясын таратуға арналған. Мұнда толығымен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ғимарат пен шатыр жаңартылды. Тарату құрылғысы Санкт-Петербургтегі «ЭлектронМаш» зауытының өндіріс ұяшықтарына ауыстырылды. Бұл – жабдықтың ең үздік саналатын желісі. Мұндай ұяшықтар бұрын компанияда болмаған, – деп атап өтті Константин Конради.

Қарағанды Жарық

Бұдан әрі баспасөз турына қатысушыларға Қарағанды өңірінің күрделі климаттық жағдайынан қорықпайтын әдеттегі 0,4 кВ әуе желілерін қазіргі заманғы электр беру әуе желілеріне ауыстыру үдерісі баяндалды. Жәнібеков көшесіндегі жеке сектор тұрғындары найзағай мен қатты жел кезінде электр желілерінің үзілуі салдарынан бірнеше рет шағымданған көрінеді. Бұл мәселе әдеттегі электр желілерін жаңасына ауыстыру арқылы түбегейлі шешілген.

– Өздеріңіз көріп тұрған заманауи оқшаулағыш сым ауа райының қолайсыздығына, қатты соғар желден, тіпті, тал-дарақтың оқыс құлауынан да «қорықпайды». Осы технология жолымен тұтынушылардың сенімі мен алғысын иелендік. Сондай-ақ, мұндай желілік сымға өздігінен қосылу өте қиын. Яғни, электр энергиясының ұрлануын азайтады, – деп түсіндірді Дидар Ахмадин.

Кәдімгі электр беру желілерін жаңалау қаланың өзге аудандарында да жүргізілді. Михайлов, Федоров, 16-шы дүкен, қала орталығы, Майқұдықтағы Берлин және Сахалин шағын аудандары тұтасымен жаңаланды. Келесі жылы осындай ілкімді шаралар ел ішінде Фин аталған қала бөлігінде, екінші кеніште және Ақтастағы жеке секторда жалғасады.

Қарағанды Жарық

Мұнымен бірге, «Қарағанды Жарық» компаниясы қаладағы ескі трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңасына ауыстырып жатыр. Мысал үшін, жақында облыстық клиникалық аурухана маңында жаңа трансформаторлық қосалқы станция орнатылды. Ескі қосалқы станция 70-ші жылдары салынып, әбден ескірген көрінеді.

– Сипаты сапа мен сенімге ие станция, ең алдымен, емхана мен әлеуметтік нысандар үшін ауадай қажет. Тұтынушылар да электр тапшылығын сезінбейді. Қарағандыда осындай сегіз жаңа трансформатор, Шахтинск қаласында және Дубовка кентінде үшеуі орнатылды, – деді Дидар Ахмадин.

Еске салып өтелік, тұтынушыларды сапалы энергия көзімен қамтамасыз ету – «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің негізгі мақсаты. Компания энергетикалық жабдықтар паркін жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны іске асыруды үзбейді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button