Елімізде көлік салығын төлеу мерзімі қашан аяқталады?
Елімізде автокөлігі бар жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі жақындады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Жеке тұлғалардың 2023 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 2024 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. 2023 жылғы салықты есептеу кезінде былтырғы 3 450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылады.
– Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасын kgd.gov.kz web-порталындағы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы салық калькуляторының көмегімен дербес есептеуге болады. Бұл ретте есептік сальдоны анықтау үшін салық органдары жыл сайын жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты тиісті жылға есептейді, – делінген ресми ақпаратта.
Есептелген сомалары туралы ақпарат наурызда «Каспий банкі» АҚ және «Халық банкі» АҚ мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар түрінде жіберіледі. Сондай-ақ салық сомасы туралы ақпарат kgd.gov.kz web-порталдағы «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисінде, сондай-ақ «Каспий банкі» АҚ және «Халық банкі» АҚ мен «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшаларында болады.
– Жеке тұлғалар салықтарды басқа жолдармен де: екінші деңгейдегі банк бөлімшелерінде қолма-қол ақша қаражаттарымен немесе төлем терминалдарында, банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлей алады, – деп толықтырды комитет.
Материалды әзірлеген Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.