Жаңалықтар

Елдіктің еңселі ескерткіші

2011 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қарағанды қаласында Тәуелсіздік монументі қойылды.

Монумент биіктігі – 47 метр, салмағы – 16 тоннаны құрайды, табиғи ақ гранитпен қапталған. Стеланың ұшар басындағы шардағы қыран мен шапағын шашқан алтын күн тәуелсіздігіміздің нышаны іспеттес. Стеланың төрт бұрышында тұлпарлар бейнеленген. Олардың қанаттарының арасында алқалар бедерленген, ал ескерткіштің қасбетінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Мемлекет басшысының Тәуелсіздік туралы айтқан нақыл сөзі қашалып жазылған. Ескерткіштің барлық элементтері алтынмен апталған. Бұл үшін Ресейден арнайы шеберлер шақырылған. Композицияның авторы және сәулетшісі – Мұрат Байысбай. Ескерткіш авторлары: “Алтын тұлпарлар рухтың белгісі. Тұлпарлар бүгінгі күнді – тарихта қалған ұлылық және жарқын болашақпен жалғастырады. Ал алаңда тәуелсіздігіміздің жарқын жолын көрсететін ақ жол жүргізілген», – дейді.

Монументті құру кезінде айналасындағы алаң қоса абаттандырылып, жаңа субұрқақ салынды. Алаң жанындағы алты үйдің қасбеттері, шатырлары жаңартылып, жөнделді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, алаңның абаттандырылуы мен монументтің құрылысына бюджеттен 287,6 млн. теңге бөлінген.

Монументтің бітімі бөлек. Айбынды. Бұл ескерткіш – қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық үшін арпалысқан күресі мен өшпес ерлігінің, қайыспас қаһармандығының белгісі.

Сонымен қатар, Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, болашаққа деген құлшыныстарын көрсетеді.

Жұлдыз ТОЙБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button