Жаңалықтар

Елбасы жолы – терең тағылым

      Теміртау қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасым – мақтанышым» атты кинокеш өткізілді.

Шараға облыстағы қоғамдық ұйым өкілдері, Елбасының серіктестері, ардагерлер, жұмысшылар, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар және жастар қатысты.

Салтанатты шараның ашылуында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Елбасы жақтастарымен бірге мұражай залдарын аралап көрді. Экскурсия Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы мен жұмысы жайындағы естеліктерімен жалғасты.

Экскурсиядан кейін кино басталды. Облыс әкімі құттықтау сөз сөйледі.

Ерге де, елге де тән бір ұлы сезім бар. Ол – арман. Адамның арманы – риясыз өмір болса, халықтың арманы – тәуелсіз ғұмыр. Атадан қалған осынау абыз ойдың астарында айналып өте алмайтын ақиқат жатыр. Себебі, кез келген ұлт үшін Тәуелсіздік пен Теңдік, Азаттық пен Елдік, Береке мен Бірлік – ең қымбат, ең асыл ұғымдар. Ежелден еркіндік аңсаған халқымыз осынау ұлы арманға 25 жыл бұрын қол жеткізді. Егемен ел болып, еңсесін тіктеді. Әрине, қазір айтуға оңай. Дегенмен, сол тоқсаныншы жылдардың басындағы жағдай өте ауыр еді. Жетпіс жыл бойы билік құрған кеңестік империя келмеске кетті, одақ күйреді. Жоспарлы экономикаға құрылған шаруашылық тұралап қалды, зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Ел ішін жұмыссыздық жайлады. Міне, осындай күрделі кезеңде халқымыз өз тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды. Жалпыхалықтық референдумда бірауыздан қолдап, дауыс берді. Бұның өте дұрыс таңдау болғандығын уақыттың өзі дәлелдеп берді, – деді аймақ басшысы.

Үлкен экранда Ұлт көшбасшысына арналған киноэпопеяның үзінділері көрсетілді. Жаңа қазақстандық кино ел Тәуелсіздігі мен Президенттің өмір жолына арналған.

«Балалық шағымның аспаны», «Өзен оттары» және «Темір таулар», «Разрывая замкнутый круг», «Так сложились звезды» фильмдерінің үзінділерін көрген кеш қатысушылары Елбасы тұлғасының қалыптасуын еске түсірді. Оның алғашқы жеңістері мен болашаққа деген арманы, үміті, тәуелсіз Қазақстанның болашағына қатысты жоспарлары жайында сөз қозғалды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button