Елбасы және Нұра

   Елбасының Нұра елімен танысуы өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталған екен. Қарағанды политехникалық институтының студенті бола жүріп, құрылыс отряды құрамында Нұра ауданының жаңадан құрылған «Балықтыкөл» кеңшарына тұрғын үй салуға келген. Елбасы жас студенттерді басқарып, ұйымдастырып еңбекке жұмылдыра білді.

«1964 жылы Қазақ ССР-і Үкіметінің «Шөлейт жерлерде қой шаруашылығын дамыту» туралы Қаулысына сәйкес Нұра ауданында екі шаруашылық «Амантау», «Балықтыкөл» кеңшарлары құрылды», деп еске алады. «Балықтыкөл» кеңшарының құрылысына Елбасы, ол уақытта Қарағанды политехникалық институтының студенті, студенттік құрылыс отрядының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны менің өмірімдегі тарихи оқиға болып қала береді. 1964 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен студенттер ауылдағы алғашқы екі пәтерлі төрт тұрғын үйдің қазығын қақты. Бүгінде сол үйдің қабырғасында «Бұл үйді салуға Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан» деген мемориалдық тақта орнатылған. Сонымен қатар, олар ауылдың қоғамдық өміріне араласып, жаз бойы жастармен тамаша кештер, әр түрлі пайдалы іс-шаралар да ұйымдастырып, ауыл жастарымен қоян-қолтық араласып кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы адамдармен қарым-қатынаста өте қарапайым, үлкенге ізет көрсете білетін, өзінің ортасында ашық, жайдары мінезімен есімде қалды. Одан соң да мен ол кісімен бірнеше рет кездестім. Кейіннен Елбасы Карметкомбинатта партком хатшысы болып қызмет еткенде ауылға қамқорлық танытып, шаруашылықты механикаландыруға көп септігін тигізді. Мал фермаларын механикалық қондырғылармен қамтамасыз етуде, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту осы Карметкомбинат арқылы жүзеге асырылды. Біздің қарым-қатынасымыз кейінге дейін үзілген емес. Мен 1976 жылы Қазақстан партия ұйымының ХІV съезіне делегат болып барғанымда ол кісі мені бірден танып, қасыма келіп хал-жағдайды, елдің амандығын сұрады», деп еске алады осы кеңшардың бас инженері болып қызмет атқарған, қазіргі ардагер, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері Қорабай Досжанов.

1969 жылы Н.Назарбаев Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Осы кезең комсомол ұйымдарында Назарбаевтың оң бастамашылдығымен ерекшеленеді. «1971 жылы Назарбаев көктемгі егіс жұмыстары кезінде Нұра ауданнының кеңшарларына нақты шептік көмек ұйымдастырып, күзгі астық жинауға 200 тракторшы, 320 комбайншы, 300 жүргізуші жасақтайды. Теміртау қаласында 14 оқыту пункті ұйымдастырылып, ондағы жеделдете оқыту курстарында 610 механизатор даярланады». (Нұрсұлтан Назарбаев. Деловой мир. Астана. 2013 жыл, 65 бет.)

Елбасы туралы Нұра ауданының құрметті азаматы Оралбай Әбдікәрімов өзінің «Елбасы еліне, елі Елбасына сенеді» атты мақаласында («Егемен Қазақстан» газеті, 2005 жыл 6 желтоқсан») былай дейді… «Халқымыздың сан буын ұрпағы армандап, дамылсыз күресіп келген азаттықтың ақ жолы алдымыздан ашылып, Елбасымыз ел тізгінін ұстады. Өзінің біртұтас халқы, нақты шекарасы, ұлттық валютасы, ел қорғар әскері бар, өзге өркениеттер мен мемлекеттер толық мойындаған жаңа тұрпатты Қазақстанды орнықтырудағы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін құрметпен айтқан парыз. Күлтегіннің көк тасына қашалған өкініш пен арман-мұрат жаңа мыңжылдықтардың тоғысында жүзеге асты, ел еңсесін көтеріп, Еуразияның Ұлы Даласын мекендеген кешегі көшпелілердің бүгінгі ұрпағы өз мемлекетін құрды».

Президентіміз Нұра жерінің көп ұлттың басын қосқан достықтың мекені екенін, мыңғырған мал өрбітіп, алтын астық сапырған диқандар өлкесі екенін жақсы білетін. «2001 жыл болатын. Елбасының шалғайдағы ауыл шаруашылық құрылымдары басшыларымен кездесу еді. Қатты толқуда болдым, ел Президентінің алдына жеке қабылдауына бара жатырмын, бұл, әрине, үлкен жетістік, әрі үлкен жауапкершілік еді мен үшін. Елбасының сұрақтарына қобалжығандықтан, жауап бере алмай қалам ба деген ой да мазалаған жоқ емес. Бірақ Президент мені өте жылы қабылдады және Нұра туралы өте жақсы біледі екен, керісінше, маған Нұраның жағдайын егжей-тегжейлі айтып берді. Ол кісінің сол кезде берген ақыл-кеңестері мен ел болашағын болжауы бүгінгі таңда толық жүзеге асырылып отыр. Оның көрегендігі, ақылы мен парасаттылығы кімді болса да, таңдандырарлық», деді «Құрмет» орденінің иегері, тың игеру кезінде құрылған «Пржевальское» ЖШС-нің директоры Ықсан Таттыбаев.

Нұра елімен танысуы жалындаған жастығында басталса да, Нұрсұлтан Әбішұлы Нұраны бір сәт есінен шығармағанына осы жолдар куә. Тұңғыш Президентіміздің қара Нұраға қатысы болғандығын, оның өркендеуіне сүбелі үлес қосқандығын нұралықтар мақтан тұтады және мақтанышпен ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді өздеріне құрметті міндет деп біледі.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері.

НҰРА ауданы.

Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев Нұра аудандық комсомол комитетінің алқа отырысына қатысуда. Ортада Нұра аудандық комсомол комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Петр Назаркин және бюро мүшелері. (Нұрсұлтан Назарбаев. Деловой мир. Астана. 2013 жыл, 60 бет.)

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.