Басты тақырыпЖаңалықтар

Елбасы тапсырмасы еленбей тұр

      Қарағанды журналистері дүрлігіп жатыр. Жезқазған өңірінің маңдайына басқан жалғыз телеарнасы «Дидар» телерадиохабарларын тарату дирекциясы» ЖШС жекеменшікке сатылып кетіпті. Шынымен-ақ, күдік-күмән қоюланды. «Өгізге туған күн бұзауға да туа ма» деп…

    Жалпы, өңірлік БАҚ-тарды бәсе­келестік ортаға беру (жекешелендіру) туралы үкіметтік жобаның құлағы қылтиғалы 2-3 жылдың жүзі болған. Әсіресе, өткен жылдың соңында мемлекеттік-ақпараттық саясатты оңтайландыру деген желеумен барлық облыстық газеттерді үл­кен газеттің біріне филиал жасап, орталықтандырылған жүйеде бас­қару жобасы да сөз болғаны жасырын емес. Оның алдында, нақтырақ айтсақ, 2015 жылдың 30 желтоқсанындағы ҚР Үкіметінің «2016-2020 жылдарға арналған жеке­шелендіру мәселелері туралы» №1141 Қаулысына сәйкес 30 өңірлік БАҚ бәсекелестік ортаға берілетіндер тізіміне енген. Жекешелендіру кес­тесі де жасалған. Ол тізімде біздің «Орталық» та, кеше ғана сатылып кеткен «Дидар» да бар еді.

    Жергілікті атқарушы билік пен БАҚ басшыларының бұл мәселеге қатысты назына назар аударған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев ҚР Президентіне хат (шығ. №21-35/И-544, 2016 жылғы 24 қараша) жазып, елдегі ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында өңірлік БАҚ-тарды әлгі тізімнен алып тастау туралы ұсыныс енгізген. Ұсынысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдайды. Бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз. Біздікін қайдам, «Дидардың» қуанышы ұзаққа бармады. Премьер-Министрдің пәрмені мен Елбасының мақұлдауын, 2015 жылғы 30 желтоқсандағы Қаулыға өзгеріс енгізу бағытындағы қаншама министрліктердің (Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар, Әділет, Қаржы министрліктері) ше­шімдеріне пысқырып та қарамаған Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов жалғыз телеарнасын сатты да жіберді. Өзгеріс енген 2015 жылғы 30 желтоқсандағы Қаулыны негізге алған екен. Сондай-ақ, «ҚР Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының жекешелендіруге қатысты талаптарын өрескел бұзып отыр. Мәселен, «Дидар» телеарнасын бәсекелестік ортаға беру жөніндегі алғашқы сауда 2016 жылдың 8 қарашасында өткен. Екінші сауда 2016 жылғы 7 желтоқсанда өткізіледі. Заңның 101 бабының 4-1 тармағына сәйкес, әр сауда арасына 20 жұмыс күнін салып өткізілуі тиіс болатын. Олай болса, үшінші сауда 2017 жылдың 10 қаңтарында өтуі керек еді. Ал, «Дидар» 2016 жылдың 30 желтоқсанында сатылып кете барған. Тура осы «ҚР Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 101 бабындағы 8 тармақ талабы бойынша сауда барысында заң бұзу­шылыққа жол берілген жағдайда сауда өткізілген жоқ деп танылуы шарт.

    Оны құзырлы органдар анықтай жатар. Бізге белгілісі – «Дидар» телеарнасы заңсыз сатылып отыр. Кішкентай қаладағы үлкен кісілердің мүддесі жатыр мұның астарында. Қала әкімі Батырлан Ахметов қала бюджетіне салмақ салмай, өз күнін өзі көріп келе жатқан тарихы бай телеарнадан құтылуға неге асықты екен? Түсіну қиын. Мәселенің мәнісі мынада жатыр ма деп қаласың. Батырлан мырза әкім болып келгелі мемлекеттік тапсырыс орындап отырған екі газет пен бір телеарнаны «шөміштен қысып» келген. Мәселен, «Дидар» телеарнасына 2015 жылы мемлекеттік тапсырыс есебінен қаралған қаржы көлемі 15 млн. болса, 2016 жылы 17,5 млн. болыпты. Ал, 2017 жылға жалпы қала аумағында мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттауға болжанған қаржы 62 млн. (2016 жылға – 39 млн. ғана болған) теңге. Екі газетке осы қомақты қаржының 40 млн. теңгесі (20 млн. теңгеден берілгенде делік, бұл газеттер ғұмырында мұндай қаржыға қол жеткізіп көрген емес) бағытталды дегеннің өзінде, «сенімді қолға» өткелі тұрған «Дидар» телеарнасына 22 млн. теңге бұйырмақ. Не деген жомарттық?! Сот шешімімен «Дидардың» сатылуы заңсыз деп танылса, бюджетті нақтылау кезінде бұл сома қысқара салуы кәдік. Оған таң қалмаңыз.

    Қалай болғанда да, Елбасының тапсырмасы орындалмай, Үкімет шешімі назарға алынбаған жерден мемлекетшілдік рух іздеуіміз де бекер секілді. Бұл келеңсіздікке бірдеңе қылып тоқтау салмаса, бір күні Жезқазғанның өзін жекешелендіріп алуы мүмкін ғой. Негізі, Елбасы мен Премьер-Министрдің тапсырмасына жүрдім-бардым қарап, ойына келгенін істеп отырған Батырлан Ахметов шынымен-ақ «батыр» екен…

Ерсін МҰСАБЕК

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Бір пікір

  1. БАТЫРЛАН Ахметовтің Жезқазғанда сатпаған дүниесі қалмаған екен. Телеарна, спорт мектебі, коммуналдық базар… Осы Дидардың сатылуы тоқтатылғаннан кейін телеарна директоры Базарбай Әлеуханұлын қудалауды бастапты. Халықтың ортасында да сүйкімі жоқ өзінің. қаламыз тозып, жүдеп барады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button