Қарқаралы

Ел игілігіне – жаңа көліктер

Арқа қысының қытымыр мінезі баршаға аян. Әдетте, қарашада қалың қар жауса, қаңтарда қақаған аяз, ақпанда ақырған бораны елді әбігерге салады. Дәл осы күндері оқыс оқиғалар көбейе түсетіні сөзсіз. Қаһарлы қыста, әсіресе, шалғай ауылдардан сырқаттар мен жүкті әйелдерді ауруханаға жеткізу қиын. Бүгінде Қарқаралы ауданында бұл мәселе шешілген сыңайлы.

Апатты оқиғада алдымен көмекке келетін ақ халаттылар мен төтенше жағдайлар қызметі екені анық. Дегенмен, облыстан арнайы көлік келгенше дәрігерлердің қалың қардың құрсауында қалған күндері де болды. Енді, ол күндер артта қалды.

Жақында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ауданға арнайы жол талғамайтын көлік пен төрт жедел жәрдем автокөлігі берілді. Мұндай ауқымды қолдау – биылғы жылдың үлкен жемісі болды. Аталған көліктер аудан орталығынан шалғайда орналасқан Томар, Тәттімбет ауылдарына, Егіндібұлақ кенті мен Қарқаралы қаласындағы мекемелерге тапсырылды.

Жол талғамайтын арнайы көліктің артықшылықтары баршылық. Бүрі қалың үлкен дөңгелекті көліктің салмағы зор болғанымен, батпақта тұрып қалмайды, суға батпайды. Сегіз орындық, автономды жылыту жүйесіне қосылған. Төрт дөңгелегі бірдей айналатын көлік суға батпау үшін арнайы құрылғымен жабдықталған. Ресейлік өнім Қазақстанға алғаш жеткізіліп отыр.

Сырқат жанның амандығы алдымен Алланың шарапатынан болса, одан кейін дәрігерге байланысты. Ал осындай уақыттарда астындағы көлігің желдей жүйткігені – нұр үстіне нұр. Тәжірибелі жүргізушілер болса, тіпті, керемет. Бір ауысымда бірнеше рет шақыртуға шығатын, облыс орталығынан сырқат жанды жедел жеткізетін тәжірибелі жүргізушілердің алды – жиырма жыл қызмет жасағандар. Жақсыбек Есімов, Қайырбек Нұрашев, Рысбек Жағыппаров есімді жігіттер – өз істерінің мамандары. «Жаңа көліктің заты да бөлек қой. Көлігімізге мінген адамды аман-сау ауруханаға жеткізу – басты міндетіміз», – дейді олар.

Сағыныш ӘБІЛОВА

 

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button