Ел игілігіне – білім ошағы
20-тармақ.
2017 жылдың соңына дейін апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды толық жоюды қамтамасыз ету.
Биылғы білім күніне орай облыс әкімі Н.ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен облыста 3 білім ошағы ашылды. Мектептердің ашылуы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығына орайластырылды. Білім ошақтарында ұйымдастырылған алғашқы сабақ «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында «Мен – өз елімнің патриотымын» ұранымен өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы пайдалануға берілетін 6 білім беру нысандарының жоспарында Балқаш, Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы 3 балабақша, Бұқар жырау және Жаңаарқа аудандарында 2 мектеп және облыстық тірек-қозғалыс аппараты зақымдалған балаларға арналған мектепке жанама ғимарат салу болатын. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша бес институционалдық реформалар барысында апатты жағдайдағы мектептерді жою тапсырылған.
Осы ретте Абай ауданындағы Құрма ауылында 320 орынды жалпы білім беру мектебінің ашылу салтанаты өтті. Жалпы алаңы – 7154,73 шаршы метрді құрайтын 320 орынға лайықталған екі қабатты Құрма жалпы білім беретін мектебінің құрылысы 2014 жылы басталды. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде ашылған 320 балаға арналған мектепте 240 оқушы білім алады. Білім ошағының түрлендірілген нұсқалармен жабдықталған кабинеттері, мәжіліс залы, асханасы бар. Мектеп шеберханалармен, мультимедиялық, лингафон кабинеттері, арнайы химия, физика және биология кабинеттерімен жабдықталған. Мәжіліс залы, спорт және оқу залдары, кітапхана, асхана, медициналық кабинет бар. Жарық және жайлы сыныптар отандық өндірістен шығарылған жиһазбен жабдықталған. Мектеп ауласында спорттық және ойын алаңдары, сондай-ақ, автономды жылыту жүйесі орнатылған. Құрма орта мектебінің директоры Саят Рахимовтың айтуынша, республикалық бюджет есебінен бөлінген құрылыстың сметалық құны – 823 млн. 336 мың теңге. Қазақ тілінде оқитын сыныптардағы 145 оқушыға және орыс тілінде оқитын 92 оқушыға – 43 мұғалім сабақ береді. Болашақта мектепте 75 орынға арналған «Тірек мектебі» шағын орталығын ашу жобасы жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданына қарасты М. Жұмажанов атындағы ауылда 150 орынды жалпы орта білім беретін мектеп ашылды. Жаңа ғимаратқа көшірілген білім ошағында 142 бала білім алады. Бүгінгі талапқа сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Гүлшат БИМЕНДИНА, М.Жұмажанов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директоры:
– Бұрын біздегі ауыл балалары үшін ауданға барып оқып келу қиынға соғатын. Үш шақырымдық жерге оқушыларды жеткізу үшін арнайы көлік жүрді. Бүгінгі таңда ашылған жаңа мектеп талапқа сай, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Айта кетерлігі, мектептің физика кабинеті жабдықталып, оқушыларға ұсынылып отыр. Екі лингафонды сыныптар интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Арнайы шеберхана және 110 орынға арналған мәжіліс залы бар.
.Ауыл ата-аналары білім ошағының жаңа ғимаратына ризашылықтарын білдіруде. Жаңа мектептің ойын алаңы да заманауи үрдіске сай. Биыл бірінші сыныпқа 17 бала қабылданыпты.
Ал, облыстық тірек-қозғалыс аппараты зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернатының ауданы – 1317, 2 шаршы метрді құрайды. Ғимарат құрылысына 312 млн. теңге жұмсалды. Оқу корпусының құрылысын «ҚазТемірСтрой» ЖШС жүзеге асырды. Мектепте әртүрлі кемістігі бар 169 бала (балалар церебралды сал ауруы) тірек-қимыл аппаратының көмегімен білім алады. Олардың көбісі арбаға отырып оқиды. Білім ошағында арнайы пәндік сыныптармен қатар мәжіліс және гимнастикалық залдар ашылған.
Мектеп директоры Гүлнәр Қырғызбаева: «Жаңа мектепте әр оқушының ой-өрісін дамыту және оқытуда барынша жағдай жасалған. Сондай-ақ, физика, информатика, химия, бейнелеу өнері, лингафон, зертханалық кабинеттерімен қатар қосалқы үй-жайлармен жабдықталған. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға екі пандус, лифт, кең есік ойықтарына дейін бейімделген дәретхана бөлмесі бар. Жаңа мектеп-интернаты ғимаратының ашылуы – бастапқы тең мүмкіндіктерді жалғастыра отырып, оқу орындарында сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Барлық шаралар – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын арттырып, білім беру процесі контекстінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды көздейді» дейді.
Жалпы, облыстық тірек-қозғалыс аппараты зақымдалған балаларға арналған мектеп-интернатта жұмысқа қабілетті педагогтардың кәсіби деңгейі – 85%-ды құрайды. Ұжым ұстаздары педагогикалық шеберлік шыңдалатын конкурстарға қатысып, «Жыл мұғалімі» сайыстарының жеңімпазы атанып жүр.
Аяулым СОВЕТ