Үгітінен үміті басым кездесулер
Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсынған жеті партияның сайлауалды науқаны аясында Қарағанды облысында сайлаушылармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өтіп, әлеуметтік-экономикалық даму, ауылдық аумақтарды қолдау, экология, жұмыспен қамту және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

Нақтырақ айтсақ, «Әділет» партиясының сайлауалды штабының кезекті кездесуі Steel қонақүйінің қызметкерлерімен өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен басымдықтары таныстырылды. Кездесуде қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Жиында партияның сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттердің орындалуын қадағалауға, олардың іске асу барысы туралы ақпарат алуға және өзекті мәселелер бойынша кері байланыс ұсынуға мүмкіндік беретін цифрлық платформа туралы түсініктеме берілді.
Кездесу барысында еңбек ұжымы өздерін толғандырған мәселе, ұсыныстарын ортаға салды. Жиында айтылған өтініштер мен ұсыныстар тіркеліп алынды.
Ал, Осакаровка кентінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өкілдерінің Осакаров ауданы тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесу барысында сайлауалды бағдарлама бағыттары таныстырылып, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері ортаға салынды.
Тұрғындар жайылымдық жерлердің қолжетімділігі мен әділ бөлінуі, бақташы тапшылығы, ауыл шаруашылығына несие мен лизинг алу, сондай-ақ, кепіл талаптарының қиындығы жөнінде ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге, субсидиялау мен мемлекеттік қолдау тетіктерін қарапайым шаруаларға түсінікті әрі қолжетімді ету қажеттігі көтерілді.
Кездесуде инфрақұрылым, жұмыспен қамту, әлеуметтік сала, жастар мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері де қаралды. Тұрғындардың ұсыныстары тіркеліп, алдағы жұмыс барысында назарға алу үшін жинақталды.
Теміртау қаласындағы мәдениет сарайында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы өкілдерінің сайлаушылармен кездесуі өтті. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, сұрақ-жауап түрінде әңгіме өрбіді.
Әлеуметтік-экономикалық даму, экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қозғалды. Одан бөлек, елдің тұрақты дамуына қатысты ұсыныстар мен басымдықтар туралы ақпарат берілді.
Іс-шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Кездесу пікір алмасу форматында өтіп, азаматтардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері назарға алынды.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері «Эко Эксперт» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ақпарат беріліп, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша ұжым мүшелерінің пікірлері тыңдалды.
Кездесуде еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік жағдайы, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігі және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану тақырыптарына да назар аударылды.
Қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы жұмыс барысында қарастыру үшін тіркелді.
«Ауыл» партиясының Қарқаралы өңіріндегі жұмыс сапары аясында Қарағайлы ауылының тұрғындарымен және тау-кен комбинатының еңбек ұжымымен кездесулер ұйымдастырылды. Жиылған жұмысшылар көкейінде жүрген сауалдарын қойды.
Кездесулерде елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, инфрақұрылымның жай-күйі, тұрғындардың тұрмыс сапасы және жұмыспен қамту мәселелері сөз болды. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Жүздесулер қорытындысында тұрғындар мен еңбек ұжымы тарапынан көтерілген ұсыныстар тіркеліп, назарға алынды. Партия өкілдері өңір тұрғындарымен пікір алмасуды және кері байланысты одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Ал, «Ақ жол» партиясының облыстық штабының өкілдері Шахтинск қаласындағы пенопласт өндіретін зауытқа барды. Сапар кезінде кәсіпорынның қызметі мен өндірістік жұмысының ұйымдастырылу барысымен танысып, жұмыс үдерісі туралы ақпарат алды.
Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары да таныстырылды. Талқылау кезінде өндіріс саласын қолдау, отандық кәсіпорындардың дамуына жағдай жасау және халықты толғандыратын мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Зауыт қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Кездесу барысында айтылған ұсыныстар назарға алынды. Ашық пікірталас түрінде өрбіген кездесуде жұмысшылардың сұрақтарына жауап берілді.
«Respublica» партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында «Қарағанды Автодор» ұжымымен жүздесу ұйымдастырылды. Кездесу кезінде партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттар таныстырылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтар туралы ақпарат берілді.
Талқылау барысында экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері қозғалды. Автожол саласының қызметкерлері еңбек жағдайы, жол инфрақұрылымының жай-күйі және сала мамандарын қолдау жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Ашық пікір алмасқан қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Көтерілген ұсыныс-пікірлер назарға алынып, сайлауалды бағдарламада көрсетілген бастамалардың азаматтардың сұраныстарымен байланысы атап өтілді.
***
Кездесулер барысында партиялардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылып, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және өңірлік даму бағыттары бойынша пікір алмасып, тұрғындардың ұсыныстары мен сауалдарына назар аударылды. Сайлауалды науқан аясындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz
