Медицина

Екпеден бас тарту қауіпті еселейді

28 қарашадағы жағдай бойынша, өңірде қызылша жұқтырды деген 564 адам бақылауға алынды. Оның 433-і зертхана қорытындысынан кейін нақтыланды.

Сурет: 24.kg сайтынан

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Жақтайқызы инфекцияға сезімталдық 14 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездесетінін айтты. Әсіресе, қызылшамен сырқаттану 1-4 жас аралығындағы сондай-ақ, вакцина алмаған балалар арасында тіркелуде. Көбінесе ата-анасының бас тартуына байланысты немесе егу жасына жетпеген, медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар жиі ауыруда.

– Өздеріңіз білетіндей 6 қарашадан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін 6 айдан 11 айға дейінгі балаларда қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Бүгін осы жастағы 3 мыңнан астам бала егілді.

2023 жылғы 5 желтоқсаннан 2024 жылғы қаңтарға дейін қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 4 жасқа дейінгі 11 айлық 29 күндік балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізілуде, – деді Гүлжан Жақтайқызы.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологтары қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау­да Үндістан өндірген аралас вакцина қолданылатынын атап өтті. Вакцина әлемнің 70-тен астам елінде қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған, мемлекеттік тіркеуден өткен. Ал, қосымша иммундау балалардың тіркелген жері бойынша емханада тегін жүргізіледі.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button