«Екпе ескі дертке қауіп емес»

Қарағанды медицина университетінің отбасы медицинасы кафедрасының профессоры, №3 емхананың жалпы практика дәрігері Лаура НҰРҒАЗИНА вакциналау науқаны кезінде емханадағы вакцина орталығының дәрігері ретінде қызмет істеп жүр. Осыған байланысты арнайы оқудан өткен маман вакцина алатындардың денсаулығына егжей-тегжейлі қарайды. Оның айтуынша, екпе алар сәтте адамның дені сау болуы – кейін қандай да бір асқынулардың болмауына кепіл.

– Емхананың вакцина орталығына күніне неше адам келеді?

– Әртүрлі. Бір күні 5 адам, кейде 60 адам келеді. Бірақ, оның барлығы реттеледі. Ол жағын басшылық шешеді. Ондағы дәрігерлер де кесте бойынша ауысып отырады. Менің өз есебім бойынша біздің емханадағы вакцина орталығынан 500-600 адам екпе жасатқан шығар. Бірақ, бұл нақты мәлімет емес.

– Адамның вакцина алуына не кедергі? Жиі кездесетін қарсы көрсетілім қандай?

– Қызуы көтеріліп, басы ауырып, іші өтіп, жөтеліп тұрған адамға екпе жасалмайды. Қазір кез келген адамның анамнезін қарасаңыз, қандай да бір ауруы болады. Тіпті, бір адам 5-6 ауру түрімен ауруы мүмкін. Бірақ, вакцина алатын кезде ешқандай асқыну жағдайлары болмауы тиіс. Мысалы, менде кеше келген бір адамда эпилепсия ауруы болды. 1-2 күн бұрын ғана ұстамасы болған екен. Оған екпе жасауға қорықтым. Эпилепсияның өзі вакцина алуға кедергі емес, бірақ, оның жақында ауырғаны, сақтық танытуға мәжбүрледі. Невропатологқа барып, емделіп келуді ұсындым. Негізі, екпе ескі дертті қоздырмайды. Сонымен қатар, адамның көңілінде күдік болса, уайымдап тұрса, «келісім берген жоқ» деп жазамын. Ешкімді мәжбүрлемейміз.

– Дегенмен, «вакцина алуға мүлде болмайды» деген жағдай болады ма?

– Ауыр түрдегі аллергиялық реакциялар, Квинке ісігі, анафилактикалық шок алған адамдарға екпе мүлде салынбайды. Егер адам өмірінде аллергиядан тұншығып, есінен танып, тіпті, жедел жәрдем шақырған жағдайлар болса, вакцина мүлде жасалмайды. 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға салмаймыз. Ал, «шаңнан жөтелемін, түшкіремін», «кір жуатын ұнтақтан қолым қышиды» деген сияқты анамнез айтатындарға вакцина салына береді.

– Қазір вакцина алып жатқандардың көпшілігі педагогтар шығар…

– Қазір педагогтармен қатар, қалауы бойынша вакцина аламын деген құқық қорғау қызметкерлері, дәрігерлер де бар. Мысалы, бір уақытта 5 педагог болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, еріктілер болса, қоса береміз. Себебі, 1 ампула 5 адамға бөлініп салынуы керек. Артығын төгіп тастамаймыз ғой. Негізі, бұл өте ыңғайсыз. Мысалы, ашылған ампуланы 2 сағатта қолдануымыз керек. Адамдар келгенімен, ол ерімей қалуы, вакцина алушылар жұмысына асығып тұруы мүмкін. Қазір кейбіреулері бірінші компонетті, енді біреулері екіншісін алуда. Бірақ, бірінші компонентке аллергиялық реакция байқалса, сондайақ, бірінші екпеден кейін дене қызуы 40° болып, ол 1 апта, 10 күн бойы түспесе, екіншісін салмаймыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.