Екпе – денсаулық кепілі

Аймағымызда екпе алу мәселесінің өзектілігі артып тұр. Баласына екпе салдыруға үзілді-кесілді қарсы шығатын ата-аналар бар. Бұл туралы «Халықты вакцинациялау тиімділігін арттырудың қосымша шаралары» атты баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова мәлімдеді.

Ел бойынша 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жүргізіледі. Оның ішінде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 11 инфекцияға қарсы егу жұмыстары жасалмақ. Қазіргі уақытта балаларды иммундау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар сатып алынған.

Иммунопрофилактика – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең сенімді және тиімді құралы. Жалпы иммундау нәтижесінде полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе сияқты аурулар тіркелмейді. Адамзат қазір табиғи шешек сияқты ауру түрін мүлде ұмытып кетті. Балаларымыздың дені сау болуы профилактикалық егуді кең жүргізудің арқасында ғана қолжетімді болады, – деді Гүлжан Байғұтанова.

Бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, туберкулезге қарсы вакциналауға – 0-4 күндік нәрестелер, 6-7 жасар балалар (мектептің 1-сыныбында – қыркүйек айында) жатады.

Қазақстан Республикасында жыл сайын туберкулезге қарсы 700 мың бала вакцинацияланады. Олардың ішінде Қарағанды облысында 22 мың жаңа туған нәресте және 6-7 жастағы 10 мыңнан астам балаға екпе салынды.

Туберкулезге қарсы вакциналау туберкулездің ауыр түрлерінің дамуына және оның асқынуына жол бермеуге жағдай жасады. Мысалы, туберкулезбен ауыру соңғы 20 жыл ішінде 2,5 есе, өлім-жітім 15,3 есе азайды. Қарағанды облысында сырқат 2,8 есеге, өлім-жітім 11 есеге төмендеді.

Соңғы 14 жылда Қазақстанда балаларды иммундау үшін қолданылып келген Жапонияның BCG Laboratory компаниясы шығарған БЦЖ вакцинасының құрамында зиянды заттардың табылуына байланысты туберкулезге қарсы вакциналау уақытша тоқтатылған. Қазіргі кезде халықаралық ЮНИСЕФ ұйымы арқылы «SERUM institute of INDIA» (Үндістан) өндірген БЦЖ вакцинасын сатып алу және жеткізу жоспарланып, вакцинаны сатып алу мен жеткізуді жылдамырақ ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде.

Шара барысында сала мамандары атқарылған жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп, БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына мүдірмей жауап берді.

Биылғы қыркүйек айынан бастап 20-29 жас аралығындағы тұрғындардың қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммунизациясы жоспарланып, қызылша мен қызамыққа қарсы вакцина қолданылады.

Жүргізіліп жатқан қосымша иммундау науқанының негізгі мақсаты – қызылшаның одан әрі таралуын және оның асқынуын болдырмау.

Жәлел ШАЛҚАР.