Ресми

Экологиялық теңгерім, қолайлы орта

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVI сессиясында халық қалаулылары қалалар мен елдімекендерді абаттандыру, облыстағы жасыл желектерді құру, күтіп ұстау және қорғау қағидаларын бекітті. Әр салаға қатысты проблеманы көре біліп, мақсатты жұмыс жасайтын депутаттардың әр сессия сайын қабылданатын шешімдеріне облыстың әл-ауқаты тікелей байланысты. Облыс­тық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың басшылығымен өткен сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстың басқарма басшылары қатысты.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Елдімекендердің жасыл қорын дамытудың негізгі мақсаты – экологиялық теңгерімді, әсіресе, жазда оңтайлы температуралық режимді, ауа ылғалдылығын сақтау, ластанудан қорғаумен қатар, сәндік-эстетикалық, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Сессия барысында қабылданған көгалдандыру саласындағы қағидаларда жасыл желектерді құру және күтіп ұстау жөніндегі талаптармен қатар, оларды есепке алу, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі міндеттемелер көзделген. Облыс тұрғындарының өмір сүруі үшін қауіпсіз, жайлы, экологиялық қолайлы ортаны қамтамасыз ету үшін бұл ­қағидалар өте маңызды.

Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Арман Сәттібаевтың айтуынша, қағидалардың жобасы бұған дейін тұрақты комиссиялардың отырысында жан-жақты қаралған.

Сессия барысында қаралған келесі мәселе – абаттандыру. Атап айтқанда, депутаттар абаттандырудың типтік қағидаларын бекітті. Бұл қала үшін өте маңыз­ды. Яғни, олар қысқы және жазғы кезеңдерде аумақты жинауды ұйымдастыру, сыртқы жарықтандыру нысандарын, кәріз желілерін, су бұру құрылыстарын, уақытша құрылыстарды, мүсіндер мен шағын сәулет нысандарын, балалар-ойын және контейнерлік алаңдарды күтіп ұстау мәселелерін қамтиды.

Қағиданы бекіту барысында халық қалаулылары тұрғындар көтеретін мәселелерді назарға алғанын айту керек.

Сондай-ақ, кезектен тыс сессияда инфляция деңгейін ескере отырып, индекс­теуге байланысты 2024 жылға арналған Қарағанды облысының жер үсті көздерінен су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері бекітілді.

– Төлемақы ставкалары тиісті жылғы инфляцияның ресми деңгейін негізге ала отырып, жыл сайын индекстеледі. Инфляция деңгейіне қолданыстағы ставкаларды арттыру су пайдаланушыларды су үнемдеуге ынталандыруға, тиімді су айналымы жүйелері мен су үнемдеу технологияларын енгізуге, сондай-ақ суды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруға ықпал етеді, – дейді облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.

Сессия соңында Нұркен Кобжанов XVI сессия барысында маңызды құжаттар қабылданғанына тоқталды.

– Жалпы, қағидалардың мақсаты – облыс тұрғындары үшін қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық қолайлы орта құру. Жергілікті атқарушы органдар осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Елдімекендеріміз халықтың өмір сүруі үшін ыңғайлы болуы маңызды. Бұл аумақтарды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларды іске асыру кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button