Экология – ел тағдыры
Адам денсаулығын жақсарту, әсіресе, жас ұрпақтың тәнінде ақау, жанында кірбің болдырмау мәселесі ел болғалы бері Қазақстан Республикасының Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ айтып келе жатқан табанды тапсырмасы. Бүгінде еліміздегі экологиялық жағдайға баса назар аударылып отыр.
Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз экологиялыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын» – деді. Қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздерін табу қазір қолға алыну үстінде. Облысымызда табиғатты таза сақтау бойынша «жасыл экономика» жобалары жасалып, іргелі жұмыстарға басымдық берілуде. Осыған орай, облыстық экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалы бірлескен жұмыс атқарып келеді.
Облыстық экология департаментінде «Қарағанды облысының жер үсті суларының ластануы» тақырыбы бойынша мемлекеттік құрылым ұйымдары өкілдерінің қатысуымен мәжіліс болып өтті. Экология департаментімен ластану себептерін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілді. Облыстың су айдындарына тазаланған ағын суларды төгетін кәсіпорындарға тексерулер ашылып, тек төгу орындарында ғана емес, ластану көзінен төмен орналасқан жерлерден де сынамалар алынды. Талдамалар нәтижесінде әрбір кәсіпорынның су объектілерінің ластануына тигізетін ықпалы зерттелді. «Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының сынамалар алынатын барлық гидробекеттері елді мекендерге жақын орналасқан, мұнда кәсіпорындар төгетін ағын сулардың ғана емес, кенттердің шаруашылық-тұрмыстық суларының ықпал ету ықтималдығы бар
«Жасыл экономиканы» қалыптастыруда көптеген экологиялық проблемалар алдан шығып отыр. Оның бастыларына тоқталар болсақ, әрбір азамат өзі күн кешіп отырған отбасынан бастап, Отан аумағын таза сақтап, ластанудан қорғау, ауа мен судың бүлінуіне жол бермеу, жердің тозуына, кейбір өзен-көлдердің шарасы тарылып бара жатқанын жұрт болып жұмылып, қалпына келтіру ісіне үлес қосу. Егер біз осы айтқандарды уақытында атқара алмасақ, құнарлы жерімізді тоздырып алуымыз мүмкін. Осындай мәселелердің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Бүгінде экология департаменті кәсіпорындардың облыстың су айдындарына тазаланған суларды төгетін орнында ғана емес, ластану көзінен жоғары және төмен орналасқан жерлерде де сынамалар алып қорытынды жасап келеді. Бұл тексерістердің арқасында бірқатар шешімдер қабылданды. Оның бірі – кәсіпорын суларының ықпалынан тыс жерлерде Нұра, Соқыр, Шерубай-Нұра өзендеріне бекеттердің санын арттыру туралы мәселе қарастырылуда. Департамент бастамасымен «Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалы облыстың су объектілерінің жағдайын бақылау бекеттерінің санын арттыруды жүзеге асыруда. Нақты айтқанда, Нұра өзені бойынша 2 гидрохимиялық қақпа (Ынталы, Ботақара ауылдары), Шерубай Нұра өзені бойынша – 2 қақпа (Шопа, Қарамұрын ауылдары), Соқыр өзені бойынша – 1 қақпа (Құрылыс ауылы) орнату қолға алынды. Облысқа қарасты өзендерде бекеттер санының артуы өзендердің жағдайы туралы нақты сараптама алуға мүмкіндік береді.
Сөзіміз жалаң болмас үшін, мына бір мысалды алға тартсақ дейміз. Ғалымдардың зерттеуінше, энергетикалық жұмыстарды жүргізу кезінде атмосфераға жыл сайын 734 миллион зиянды заттар мен 26 миллиард тонна көмірсутек диоксиді шығарылады екен. Сондықтан, облысымыздың экологиясын көздің қарашығындай сақтауды ел болып қолға алсақ, мұндай жұмыстар келер ұрпақтың денсаулығына зиян келтірмей, өмір сүру қабілеттілігін арттыра береді.
Л.ЛЕВЧЕНКО,
Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы