ЭкоChallenge: “Қоқысты бірге жинаймыз”
Қарағандының мектептерінде ЭкоChallenge іске қосылды. Аталған жоба республикалық «Vпереработку» акциясы аясында жүзеге асты.
Акция шеңберінде мектептерде орнатылған қоқыс контейнерлеріне қағаз, пластик, темір немесе алюминий қаптамаларды, шыны және тетрапакеттерді тастауға болады.
«Vпереработку» акциясын Қоғам дық маңызды бастамаларды дамыту қоры облыстың білім басқармасымен бірлесіп өткізіп отыр. Шарада оқушыларға қоқысты бөлшектеп жинау көрсетіледі. Осы мақсатта қалалық білім бөлімі және қалдық өңдейтін «Recycling» ЖШС және Қоғамдық маңызды бастамалар қоры арасында меморандум жасалып, өзара серіктестік келісімі орнатылды.
Аталмыш акция Қарағандының барлық мектептерінде жалғасын табады.
«Таза үй, таза көше, таза қала!» ұранымен №102 мектеп-гимназиясында өткен шарада «Қоқысты жинаймыз!» тақырыптық сабақтары және «Эко-Мода» костюмдер дефилесі өтті.
«Біз таза әлем үшін!» агитбригадалар қойылымдары, «Жасыл түсті қала» атты экологиялық флешмобтар, «Екінші өмір – екінші мүмкіндік» тақырыптық көрмелер, «Do you know?» зияткерлік интеллектуалды сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылды. Оқушылар эко жобаларды қорғады. Акцияға оқушылардың ата-аналары да атсалысты. Экологиялық конкурстар жеңімпаздарына грамоталар мен дипломдар табыс етілді.
Айта кеткен жөн, «Vпереработку» акциясы Қазақстанның барлық қалаларының оқушылары қатысатын «ЭкоChallenge» ауқымды байқауының бөлігі болып табылады. Экология тақырыбында өтетін барлық шаралар арнайы порталда тіркеледі.
Ең көп шара өткізген мектеп Қоғамдық маңызды бастамалар қорынан ақшалай грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болып, қаражатты экологиялық жобаларға жұмсай алады.
Байқау жеңімпаздары биылғы тамызда белгілі болады.
Қазіргі таңда аталған акция аясында Қарағандының барлық мектептерінде қағаз, шыны, темір, пластик лақтыратын арнайы контейнерлер орнатылды. Олар толған сайын «Recycling» ЖШС мамандары қоқыс жәшіктерін ауыстырып отырады.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»