Жаңалықтар

Екі жасқа едәуір көмек

Жас кәсіпкер Айдана КАУҒАБАЕВАНЫҢ өз ісін бастап, ұлттық нақыштағы киімдер және тұрмыстық бұйымдар тігумен айналысқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, қадамы сәтті сияқты. Ол жуыр­да аудан әкімінің жас кәсіпкерлерге тағайындаған грантына ие болды.

Сүйікті ісін бизнес етудің жолы қандай екенін білу үшін ол Кәсіпкерлер палатасының Осакаров ауданындағы филиалына ат басын бұрған. Мамандардың кеңесіне жүгінген. Бизнес-жоспарын құрып, қажетті құжаттарын жинастырды.

Грант сертификаты Айданаға салтанатты түрде – Осакаров ауданы жастарының VI форумында табыс етілді. Аудан әкімі Қайрат Шайжанов өңірдің көркеюіне үлес қосып отырған аймақ жастарына алғысын айтты. Жас кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, басқа да ниет етушілерді ынталандырмақ мақсатпен, әкім «Ауылдағы жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту грантын» тағайындаған еді. Форумда осындай грантқа екі кәсіпкер ие болды. 300 мың теңге Айданаға бұйырса, 200 мың теңгені тротуар плиткасын жасаумен айналысатын Айбат Торбаев еншіледі.

Айбат грант қаражатын кәсіп­орнын дамытуға жұмсамақ.

«Кәсіпорным осы уақытқа дейін шлакты блоктар жасаумен айналысып келді. Енді, шаруа аясын кеңейтіп, кентімізді көркейте түссем бе деймін. Осы қаражатты пайдаланып, тротуар плиткаларын жасайтын қондырғы алмақпын. Цех өнімдері аудан орталығындағы көшелердің әрін кіргізе түсер деп үміттенемін»,– дейді жас кәсіпкер.

Ұлттық қолөнерді жаңғыртумен айналысатын Айдана болса, тігін цехын кеңейтіп, той жасауы мен құрақ көрпелерін ауданнан тыс елдімекендерге де сатпақ ойы бар.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button