Жаңалықтар

Егемен елдің айшығы

Жиналыстан қанаттанып шықтым. Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков­пен болған кездесу еді. Елдігіміздің символын біз қаншалықты құрметтеп жүрміз? Сол Елтаңбадағы бейнеленген әр белгінің тарихы терең, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтан сыр шертетінін өскелең ұрпақ біле ме екен? Әлде кітаптағы қасаң жазылған мазмұнына ғана қанық па? Санамдағы сансыз сұрақпен келе жатып, сөредегі сансыз марапаттың орнын енді Ту мен Елтаңба басады деген тоқтамға келдім.

Бұған дейін ұлттық құндылық ұлықталатын талай жиналысқа қатыстым. Бірақ бір де біреуінен дәл осылай әсер алмаппын. Мүмкін, Елтаңба авторының өзі жобаны әзірлеуде қандай қиындықтар болғанын, бейнеленген әр элементтің мазмұнын жетемізге барынша жеткізгендіктен бе екен?!

Әсіресе, қошқар мүйіз оюының мәні жаныма жақын болды. Мүмкін жасымнан төрт түлікті жатсынбай өскендіктен бе екен. «Осы бір белгі көп қарсылыққа ұшырады. Қойдың мүйізінің қажеті қанша. Қанша жыл «казахи – бараны» дегенді естіп келдік, деп қарсылық тудырады. Сонда «Егер қой дегенге намыстанатын болсаңдар, онда неге алдарыңа қойдың басы тартылса жейсіңдер? Бас – кәделі тағам. Қазақ сыйлы қонағына ғана ұсынған» деп, ұлттық дәмнің қадірін дәлелдеп шыққанын жеткізді автор. Мен де ойға қалдым. Біз намыстанбайтын кезде түлен түртіп, керісінше намыстанатын кезде бұғып қалатынымыз жасырын емес. Иә, біз – көшпенді халықпыз. Шежірелі жұртпыз, тарихи елміз. Құрметтейтін салт-санамыз бар. Өткенімізге өкінбей, керісінше, салауат айтып, сабақ алып, қадірлей білген халықпыз. Біздің ата тарихымызда біз ұялатындай ештеңе жоқ екенін әсте естен шығармаған абзал.

Жандарбек Мәлібеков ағамыз Өзбекстанда қызмет жасады. Дәл осы тұста қазақ елінің егемендік алып жатқан кезі. Ел тәуелсіздігінің басты нышандарына байқау жариялағанда бағын сынап көрмек болады. Түбі қазақ ағамыз «жұмыс орныма кірерде қарсы алдымда аталы би Әйтекенің суреті тұратын. Соған қарап, жат елде жалғыз емес екеніме қуанатын едім» дейді. Түбі түркі тілдес халыққа қызмет етсе де, Жандарбек ағаның санасын, жан-жүрегін туған еліме қалай еңбек сіңіремін деген сұрақ мазалаумен болады. Баба тарихына қанық баласы туған елінің бар болмыс-бітімін бір Елтаңбаға сыйғызды. «Жобаны жасарда киіз үйді негізге алдым. Киіз үй деген – отау. Егемендік алып, Кеңес үкіметінен бөлініп шығып, қазақтың түсінігі бойынша отау тіктік. Енді сол отауды қорғау керек. Қалай қорғаймыз? Тарихпен, мәдениетімізбен қорғаймыз. Елтаңбада үлкен, ортаншы, кіші деп аталатын үш қауырсын бар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі үш жүздің баласының ұрпағы ғой. Жоғарғы жақта үлкен, ортаншы, кіші буынның арасында кірме буындар бар. Сол арқылы үш жүзге кірмейтін қожа, сунақ, төлеңгіттер бейнеленген. Бәрібір олар – қазақтар. Соның барлығы омыртқа секілді элементке біріктірілген. Содан кейін тұлпарға отырғызылады. Тұлпардың мүйізінде жеті сақина бар. Ол жеті атамызды, тектілігімізді білдіреді. Мүйіздің өзі біздің Отанымызды, шаңырақты қорғап тұрмай ма? Көбісі босағадағы желбауды түсіне бермейді. Желбау киіз үйдің шаңырағына байланып, төмен түсіп тұрады. Қатты жел соққанда үйді ұшырып кетпеу үшін желбауға диірмен байлап қояды. Елтаңбада да желбау босағада тұр. Бұл «босағаң берік болсын» дегенді білдіреді» деді бір сұхбатында.

Осынша тарих бір дөңгелек дүниеге бедерленген. 293 жобаның ішінен үздік шығуы да Жандарбек Мәлібековтің терең ойлы архитектор екендігін анықтады. Еліміздің әр тұрғыны тұнып тұрған тарих штрихтеріне толы Елтаңбаға қалай құрмет көрсетсе де артық емес. Ол біздің егемен елдігіміздің айшығы. Тіпті, төрімізде тұрса да әбестігі жоқ. Елтаңба – өткеніміз, бүгініміз бен болашағымыз. Науқаншылдықпен жаппай құрмет тұтып кететін уақыттарымыз болғанымен, насихатталуы кемшін түсіп жатады. Тіпті, қолдан қолға өтетін бір тиындықтарды табанға салып, таптап өтеміз. Білем, құны жоқ. Бірақ, қарсы бетінде Елтаңбамыз тұр ғой…

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button