ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерге арнайы нөмір беріледі

ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктер уақытша тіркеуге алынады және «18» саны бар сары нөмір беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеген.


Шетелдік көліктерді уақытша тіркеу үшін жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірі, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ алғашқы тіркеу үшін төлем және мемлекеттік нөмір үшін төленген ақшаның түбіртегін ұсыну керек. Бұл талаптар азаматтарға шетелден әкелген көліктерін заңдастыруға мүмкіндік береді.
— Ішкі істер министрлігі үлгі ретінде сары фондағы нөмір шығарды. Бұл нөмір осы автокөліктерге беріледі. Сонымен қатар, тіркеу туралы куәлікте жарамдылық мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін деп көрсетіледі, — деді Марат Қожаев.