Бас тақырып

Еңбек нарығындағы кілтипан кімде?

Бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлықпен емес, адам капиталымен өлшенеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ең басты қазынасы – адам, азаматтардың қабілетін шыңдауға жағдай жасау басты міндет екенін баса айтқан еді. Бұл ретте, әсіресе, жоғары санатты техникалық, инженерлік және өндірістік кадрлар даярлауға басымдық берілді. Өңірде маман даярлау ісі қарқынды. Солай бола тұра, өндіріс пен еңбек нарығындағы кадр тапшылығы әлі де өзекті. Ендеше, дипломды маман бола тұра, кәсіпорындар неге маманға зәру?

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Еңбек нарығындағы екіұдай көрініс

Мемлекет басшысы 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, осы кезеңде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды тапсырды. Президент жұмысшы кәсіптерін дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және кәсіби маман болу идеясын орнықтыру қажеттігіне назар аударды. Бұл міндет «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатымен тікелей сабақтас.

Алайда, жұмысшы мамандығының беделін арттыру тек салтанатты жиынмен немесе ұранмен шектелмеуге тиіс. Оның нақты нәтижесі – жас маманның сапалы білім алып, өндірістік дағдыны меңгеруі, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы және еңбегіне сай тұрақты табыс табуы.

Кеншілер өлкесінің еңбек нарығындағы бүгінгі жағдай осы міндеттің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Өңірде жұмыссыздар да бар, төрт мыңға жуық бос жұмыс орны да бар. Колледждер жыл сайын мыңдаған түлек даярлайды. Соған қарамастан, өндіріс, құрылыс, энергетика, білім және денсаулық сақтау салаларында маман қат.

Ендеше, маман іздеген кәсіпорын мен жұмыс іздеген түлектің жолы неге тоғыспайды?

Екі түлек – екі түрлі жол

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің түлегі Айбын Балкен жұмыс іздеп көп әуреленбеген. Оның жұмысқа апарар жолы колледж қабырғасында басталған еді.

– Диплом алысымен жұмысқа орналастық. Өйткені, екінші-үшінші курстарда өндірістік тәжірибе кезінде қабілетімізді барынша көрсетуге тырыстық. Тәжірибе шыңдалып, білікті мамандардан көп нәрсе үйрендік. Мұның ертеңгі күні қажеттігін түсіндік. Сондықтан, оқу бітіріп, тәжірибеден өткен кәсіпорынға барғанымызда, бізді өндіріс талабына бейімделген жас маман ретінде бірден қабылдады, – дейді Қарағанды құю-машина жасау зауытының техник-технологі Айбын Балкен.

Айбын кәсіпорынға өндірістік үдерісті көзімен көрген, жабдықпен жұмыс істеп үйренген және еңбек ұжымына бұрыннан таныс маман болып оралды.

Ал, электрмеханик мамандығын игерген Ислам Жұмагелдінің еңбек жолы басқаша өрбіді.

– Оқып жүрген кезімде отбасылық жағдайға байланысты бір жылға әскери қызметке баруға тура келді. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң оқуымды жалғастырдым. Бірақ, бір жылдың өзінде көп нәрсе өзгереді екен. Бұрын бірге оқыған курстастарым оқуын аяқтап, жұмысқа орналасып үлгерді. Ал, мен еңбек жолымды қайта бастауға тиіспін. Әзірге күнделікті табыс әкелетін жұмыстарды істеп жүрмін. Ендігі мақсатым – электромеханик мамандығы бойынша жалақысы жақсы, тұрақты жұмысқа орналасу, – дейді ол.

Бір қарасақ, екеуі де техникалық білім алды. Бірі оқу барысында болашақ жұмыс орнымен байланыс орнатса, екіншісі еңбек нарығына кешірек қосылып, өз орнын әлі іздеп жүр. Бұл екі тағдыр мыңдаған колледж түлегінің алдынан шығатын мүмкіндік пен кедергіні аңғартса керек.

Бос орын бар, сәйкестік жоқ

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр облыстағы жұмыс күшінің саны 535 мың адамды құрады. Оның 513,4 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны – 21,7 мың адам. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз, ал, 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық – 3 пайыз.

Биыл 15 шілдедегі жағдай бойынша Электрондық еңбек биржасында Қарағанды облысындағы 3 976 бос жұмыс орнын қамтитын 2 122 хабарландыру жарияланған. Жалақы көлемі 85 мыңнан 800 мың теңгеге дейін көрсетілген. Білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, энергетика, инженерия, құрылыс, көлік және ақпараттық технология салаларында мамандарға сұраныс бар.

Десе де, бос жұмыс орындарының көптігі кез келген жұмыс іздеушіге лайық деген сөз емес. Өнеркәсіп электромонтер немесе дәнекерлеуші іздесе, жұмыс іздеушінің мамандығы есепші немесе заңгер болуы мүмкін. Кейде кәсіпорын ауданда орналасады, ал, маманның облыс орталығынан көшкісі келмейді.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетованың айтуынша, жұмыссыздық пен кадр тапшылығының қатар орын алуына кәсіби және аумақтық сәйкессіздік әсер етеді.

– Жұмыс іздеушілердің біліктілігі мен кәсіби дағдылары жұмыс берушілердің талабына үнемі сәйкес келе бермейді. Экономикаға жаңа технологиялар енгізілген сайын заманауи құзыреттері бар мамандарға қажеттілік артады. Сонымен бірге, бос жұмыс орны орналасқан елдімекен мен жұмыс іздеушінің тұрғылықты жері де сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан, азаматтарды қайта даярлау, біліктілігін арттыру және еңбек мобильдігін дамыту маңызды, – дейді Айнагүл Ермағанбетова.

Басқарма өкілінің айтуынша, жұмыс берушілер ең алдымен, практикалық дағдысы қалыптасқан маманға қызығушылық танытады. Дәнекерлеушілерге, слесарьларға, электрмонтерлерге, машинистерге, жабдық операторларына, инженерлер мен өндірістік үдерістерге қызмет көрсететін мамандарға сұраныс жоғары. Бұған қоса, кәсіпорындарға автоматтандырылған жүйелермен және цифрлық тұрғыда басқарылатын өндірістік жабдықпен жұмыс істей алатын қызметкерлер қажет.

Бүгінде аймақта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын 51 колледж бар. Оларда 34 мыңнан астам студент 153 мамандық пен 252 біліктілік бойынша білім алады.
2024 жылы колледждерді 9 840 түлек тәмамдаған. Соның 5 966-сы, яғни, 60,6 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал, былтырғы 9 659 түлектің 5 822-сі жұмыс тапқан. Бұл – 60,3 пайыз. Соңғы екі жылдағы көрсеткіш шамамен бір деңгейде сақталған.

Былтырғы түлектердің 4 268-і алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан, 2 055-і жоғары оқу орындарында білімін жалғастырған, 418-і әскери қызметке шақырылған, 1 074-і жұмысқа орналаспаған.
Алған мамандығы бойынша жұмыс істейтін 4 268 адам жұмысқа орналасқан түлектердің 73 пайызын құрайды. Бірақ, барлық түлектің санымен есептегенде бұл көрсеткіш 44 пайызға тең. Әрине, қалған 56 пайыздың барлығын жұмыссыз деуге болмайды. Олардың арасында жоғары білім алуды жалғастырғандар, әскерде жүргендер, өзге мамандық бойынша еңбек етіп жүргендер, бала күтіміне байланысты демалыста отырғандар және басқа санаттағы жастар бар екені кәдік.

Дегенмен, барлық түлектің жартысына жетпейтін бөлігі ғана алған мамандығы бойынша жұмыс істеуі мамандар даярлау жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты әлі де күшейту қажеттігін көрсетеді.

Сұраныс пен ұсыныстың арасы

Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі тау-кен өндірісі, металлургия, құрылыс, көлік, энергетика, медицина және педагогика бағыттарында жоғары.

Әсіресе, электргазбен дәнекерлеушілер, электрмонтерлер, тау-кен жабдықтарының машинистері, балқытушылар мен құюшылар, сандық бағдарламалық басқару станоктарының операторлары, құрылысшылар, автомеханиктер, фельдшерлер мен мейіргерлер, ауыл мұғалімдері, ветеринарлар мен агрономдар сұранысқа ие.

Ал, экономика, менеджмент және кеңсе қызметіне қатысты бірқатар бағыт бойынша даярланған түлектер саны бос жұмыс орындарынан артық. Бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығын бітірген жастардың да жұмысқа орналасуы күрделі. Өйткені, цифрлық дағдыларға жалпы сұраныс өскенімен, өңірде дәл осы бағыттағы бос жұмыс орындарының саны шектеулі.

Облыстың білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтанның айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымы еңбек нарығына қарай қайта бағытталып келеді.

– Кейбір бағыттар бойынша маман даярлау көлемі еңбек нарығының нақты сұранысынан артық болды. Сондықтан, жұмысшы және техникалық мамандықтарға бөлінетін орындар көбейтіліп, кадрлар артықшылығы байқалатын экономика, банк ісі, заңтану және бірқатар басқа бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс кезең-кезеңімен қысқартылып жатыр. Негізгі мәселе кадрдың жалпы санында емес, олардың мамандықтар бойынша құрылымдық сәйкессіздігінде, – дейді Гүлдана Нұрсұлтан.

Ескере кеткен жөн, мемлекеттік білім беру тапсырысы жұмыс берушілердің, мемлекеттік мекемелердің және қала мен аудан әкімдіктерінің өтінімдері негізінде қалыптастырылады. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлерінің жас құрамы, зейнетке шығатын мамандар және көші-қон көрсеткіштері ескеріледі.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының болжамына сәйкес, 2026-2029 жылдары Қарағанды облысының еңбек нарығына 20 873 маман қажет болады.

Жалпы қажеттіліктің 24,5 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұдан бөлек, машина жасау, электрмен жабдықтау, энергетика, дәнекерлеу өндірісі, көлік, сумен жабдықтау және су бұру бағыттарында жұмысшы кадрларға сұраныс сақталып отыр.

Өндірістегі кадр тапшылығы тек жаңа жұмыс орындарының ашылуымен байланысты емес. Көп жыл еңбек еткен тісқаққан мамандардың зейнетке шығуы да кәсіпорындарға жаңа буынды ертерек даярлау міндетін жүктеп отыр.

– Қазір жастардың көбі аз еңбек етіп, мол табыс тапқысы келеді. Алайда, кәсіби жол бір күнде қалыптаспайды. Біз де жас кезімізде еңбектің қиынынан бастап, тәжірибе жинай жүріп, біртіндеп өстік. Лауазым да, табыс та уақыт өте, еңбектің нәтижесімен келеді. Біздің өндірісте жастарға сұраныс жоғары. Өйткені, зейнет жасына жақындаған тәжірибелі мамандар біртіндеп еңбек демалысына шығып жатыр. Ендігі міндет – олардың мол тәжірибесін жас буынға үйретіп, өндірістегі сабақтастықты сақтау, – дейді Qarmet металлургиялық комбинаты №4 домна пешінің учаске бастығы Асхат Серікбаев.

Бұл пікірден өндірістегі кадр мәселесінің тағы бір қыры көрінеді. Кәсіпорынға тек дипломы бар жас емес, еңбек тәртібіне бейім, кәсіби сатыдан өтуге дайын және тәжірибелі маманнан үйрене алатын кадр қажет. Ал, буын алмасуы дұрыс ұйымдастырылмаса, ардагер жұмысшылармен бірге жылдар бойы жинақталған өндірістік тәжірибенің де үзіліп қалу қаупі бар.

Теміртауға – металлург, Шетке кенші керек

Еңбек нарығының сұранысын жалпы облыстық көрсеткішпен ғана өлшеу жеткіліксіз. Әр қала мен ауданның экономикалық құрылымы, кәсіпорындары және болашақ жобалары бөлек.

Мәселен, Теміртау қаласындағы «Qarmet» кәсіпорнында 35 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жасы 40-тан жоғары. Алдағы бес жылда кәсіпорында зейнет жасына жететін мамандар қатары артуы мүмкін. Қалада 819 құрылыс кәсіпорны тіркелген. Олардың едәуір бөлігі ірі өндіріс орнының мердігері ретінде жұмыс істейді.

Сондықтан, құрыш қалаға металлург, балқытушы, балқыту пешінің операторы, СББ станогының операторы, дәнекерлеуші мамандар қажет.

Ал, Шет ауданы ұзақ уақыт негізінен аграрлық аумақ ретінде белгілі. Алайда, бүгінде онда «NOVA ЦИНК», «Sary-Arka Copper Processing», «BAPY MINING» секілді ірі тау-кен кәсіпорындары жұмыс істейді. Үш кәсіпорындағы жұмыс орнының жалпы саны екі мыңнан асады.

Соған қарамастан, аудандағы агротехникалық колледж бұған дейін тау-кен өндірісіне маман даярламаған. Еңбек нарығын талдау нәтижесінде тау-кен ісі, кен байыту және өнеркәсіптік электр жабдықтарына қатысты мамандықтарды енгізу қажеттігі анықталған.

Дипломнан кейінгі меже

Еңбек нарығындағы сәйкессіздікті тек колледждер мен мемлекеттік тапсырыстан көру дұрыс емес. Жастың мамандықты қаншалықты саналы түрде таңдағаны да маңызды.

Білім басқармасының мәліметінше, кейбір жастар мамандықты еңбек нарығындағы сұранысына емес, оның сыртқы беделіне немесе оқу үдерісінің жеңіл болғанына қарап таңдайды. Ата-ананың ықпалы, мамандық туралы ақпараттың аздығы және өндірістік еңбектің күрделілігі де таңдау барысында әсер етуі мүмкін.

Сол себепті де, Мемлекет басшысы еңбек нарығының технологиялық өзгерістерге байланысты жылдам жаңарып жатқанын айтып, бірқатар мамандықтардың ескіруі мүмкін екеніне назар аударды. Президент бұл өзгерістерге қазірден дайындалмаса, оның әлеуметтік салдары ауыр болуы ықтимал екенін ескерткен.
Сондықтан, бүгінгі түлекке бір кәсіпті меңгеру жеткіліксіз. Ол жаңа жабдықты игеруге, цифрлық жүйелермен жұмыс істеуге, біліктілігін үнемі жетілдіруге әсте дайын болуы керек.

Адам капиталы колледжге түскен немесе диплом алған жастар санымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы нәтижесі – түлектің сұранысқа ие кәсіпті игеруі, мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуы, кәсіби тұрғыдан өсуі және еңбегіне лайықты табыс табуы.

Колледж бен кәсіпорынды студенттің оқу кезеңінен бастап байланыстыратын негізгі тетіктің бірі – дуальды оқыту. Бұл жүйе жас маманды нақты жұмыс орнына қаншалықты жақындатады? Алдағы мақаламызда осы мәселені саралап көрмекпіз…

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button