Жаңалықтар

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Бүгінгі әңгіме сайын далада ата кәсібіміз – мыңғырлаған мал өрбітіп, ауылын құрдымға кетірмей, ауылын ажарлы, ауылдықтар өмірін базарлы қылып отырған азамат жайлы болмақ. Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Туған жерге ту тіккен

Боранбай Қасымбекұлы Мұ­қан­­алиев – Теңгіз өңірінің тумасы, бүкіл саналы ғұмырын, еңбегін туған елі мен жеріне арнаған аптал азамат. Шаруа қожалығының басшысы, Нұра ауданының Құрметті азаматы, бірнеше дүркін аудандық мәслихат депутаттығына сайланған. Үлкен отбасының ұйытқысы.

Әкесі Қасымбек Мұқаналиев – Ұлы Отан соғысының ардагері, лейтенант, «Даңқ» орденінің және басқа да бірнеше әскери марапаттардың иегері. Осындай әкеден тәрбие алған Боранбай да жасынан еңбекқор, адамгершілік қасиеттері жоғары азамат болып ержетті. Орта мектепті бітірісімен еңбекке араласты. Әскери борышын оқ қарша бораған Ауғанс­тан жерінде абыроймен атқарып аман-есен елге оралды. Ақжарқын Зәурешпен көңіл қосып, отбасын құрды. Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде «екі қолға бір күрек» деп, қолдағы шағын малмен шағын шаруа қожалығын құрды. Ешкімнен көмек сұрамады, өз күшіне ғана сенді. Түлік соңында жүріп, маңдай тер еңбектің арқасында шаруасын дөңгелетіп әкетті.

«Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты», – деп Президент атап өткендей, Боранбайдың да жеңісі маңдай термен келген еді.

– Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мал шаруа­шылығын дамытуда жеңілдетілген несиелер, қара малға субсидиялар беру, техниканы лизингке алу ісі қазір дұрыс жолға қойылған. Тек соларды шаруалар ұтымды пайдаланса болғаны. Осы қолдаулар арқылы шаруашылыққа жаңадан 5-6 мал қора салдық. Өзім «Сыбаға» бағдарламасымен 100 бас ірі қара алып, өсіріп отырмын. Байқау арқылы жалға жер алып, жайылымды кеңейттік. Малдың тұқымын асылдандыру мәселесі де қолға алына бастады. Бес бас асыл тұқымды бұқа әкелінді. Енді асыл тұқымды бұқа сатып алам деген шаруаға мемлекет тарапынан болатын көмек қазір қомақты. Субсидия арқылы оның құнының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Астанаға жақын жерден жер алып, мал бордақылау алаңын салдық, ол да бірқалыпты жұмыс істеуде, – дейді Боранбай ағынан жарыла.

Ауылым – алтын бесігім

Шаруаның қай-қайсысы болсын басы-қасында Боранбай өзі жүреді. Күн-түн демей мал басында өзі. Ауылды күл-қоқыстан тазалау, су құбырлары істен шығып қалса, оны жөндеу Боранбайдың көмегімен жүзеге асырылады. Тіпті, толғағы қысқан әйелді де өз көлігімен Астана перзентханасына жеткізіпті. Ауылға қандай көмек керек болса да, ол қол ұшын созуға дайын. Содан да болар, бірнеше дүркін халық оны бір­ауыздан аудандық депутаттыққа ұсынып, қолдады. Депутаттықа сайлаған халық Боранбайға бірнеше тапсырма берген, соның бірі шалғай ауылға байланыс жүйесін жүргізу еді. Ел аманатын орындау үшін Боранбай Астана, Қарағандыға қатынап жүріп, ауылға «Билайн» мобильдік байланыс жүйесін орнатып, ауылдықтарының ризалығын алды. Одан соң ауылда қаңырап бос тұрған, құлауға әзер қалған ғимаратты өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге спортзал ашып берді.

Қайырымдылық – оның өмірлік ұстанымы

– Тұрып жатқан үйімнің тозығы жетіп, ауыл азаматы Боранбай Мұқаналиевтен көмек сұрадым. Сөйтіп, бір айдың ішінде маған үш бөлмелі жаңа үй салу үшін барлық қажет құрал-жабдық пен құрылыс материалдарын жеткізіп берді. Енді тозақтан жұмаққа енгендей болып отырмын, – дейді жалғызілікті 95 жастағы ана Аман Өтебаева.
***
Ал, Зәуреш екеуінің осыдан қырық жыл бұрын құрған шаңырақтары қазір ордалы отбасына айналған. Ашық-жарқын мінезді Зәуреш отанасы міндетін мемлекеттік қызметпен үйлестіре ұстаған жан, өте қонақжай. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Маңайларында немерелер жүгіріп жүр. Бәріне жоғары білім берді. Бейбіт, Әділет пен Мирас, үйдің кенжесі Меруерт, бәрі бір-бір шаңырақ.
Ел Президенті: «Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс», – деп атап өткендей, ауылын түлетіп отырған, еңбегімен еңселі Боранбайдың алған марапаттары да аз емес. «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, облыс, аудан басшыларының Құрмет грамотасы баршылық. Ең бастысы, ел алғысын алған азамат.

Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button